Президент жолдауына пікір
Бүгін 1 қыркүйек күні еліміздің тарихында, жаңа бір саяси ахуал орын алып отырғаны баршамызға аян. Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін , халық үшін болашаққа бағдар беретін Республика Президентінің Жолдауы ел тағдыры үшін өте маңызды құжат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл биылғы жылдағы Қазақстан халқына жолдаған екінші Жолдауы: жуық арада жүзеге асырылатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралар, ауқымды саяси реформалар мен құқықтық сананы дамытуға арналды. Бүгінгі ел Президентінің Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді деп түсінеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғам игілігіне қызмет атқаратын жаңа экономикалық саясаттардың қалай жүзеге асатынына тоқталып, даму жолдарын ұсынды. Президент ұлт болашағына арналған инвестициялар бөлу керектігін атап өтті. Дені сау ұрпақ-мемлекет болашағының кепілі екендігін көрсете отырып, денсаулық, медициналық сақтандыру жүйесін қайта қарау жұмыстарын жандандыру туралы ұсынысын білдірді. Ауылдық жерлерде фельдшер, акушерлік орталықтардың ашылуына назар аудару керектігін талап етті. Ел болашағы білімді ұрпақ екені бәрімізге мәлім. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие жұмысын жандандыру аясында балабақша тәрбиешілерінің құзыреттілігі мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін қозғады. Сапалы орта білім- табысты ұлт мақсатында жүргізіліп жатқан «Жайлы мектеп» бағдарламасын қарқынды жүзеге асырылуы үшін атқаратын жұмыстарды атап өтті. Президент өз Жолдауында, қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету, келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері алпыс мыңнан жетпіс мың теңгеге көтеру, 2028 жылдан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жас мөлшерін 61 жас етуді ұсынды. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету керектігін білдіре отырып, келесі жылы жүз мың жұмыс орны берілетінін айтты.Биылғы баланың құқығын қорғау жылына сай 2024жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа толмаған, болашақта білім, тұрғын үй алу мақсатында әлеуметтік көмек ретінде Ұлттық қордан 50 пайызға жуық қаржы мөлшері бөлінетінін сөзге тиек етті. Мемлекет басшысы сөз барысында қаңтар оқиғасына қайта оралып, құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстары басты назарда екенін атап өтті. Қаңтар оқиғасында зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек көрсету керектігін талап етті. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту, әкімшілік жаңа реформалар қабылдау арқылы халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды ұсынды. Президент өз сөзінде халықты берекелі бірлік, татулық пен тұрақтылыққа шақыра келе, 2022 жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы өз ұсынысын білдіре келе, оған қатысуға дайын екенін айтты. Президент өкілеттігі мерзімі 7 жыл және бір мезгілде қайта сайлануға тиым салынуының айқындалуы, келесі жылдың бірінші жартысында мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлау өткізілуі - бұл біздің мемлекет үшін жаңа саяси дәуірдің басталғандығының көрінісі деп ойлаймыз. Президент өз сөзін қорытындылай келе, қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетіні ашық жеткізді. Бүкіл қазақ халқын тұрақтылық пен татулық ұстанымын бойымызда сақтап, әділетті Қазақстан мемлекетін бірге құруға шақырды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа Жолдау, еліміздің дамуының жаңа белестеріне жол бастап отыр.
Абай атындағы №2 мектеп-лицейі ұжымы