Абай-руханияттың алтын қазығы
Күні кеше Ұлы Абай атындағы лицейдің төрінде, «Абай-руханияттың алтын қазығы» танымдық жобасы аясында Абай тағылымын жас ұрпаққа насихаттап жүрген абайтанушы, ақын, аудармашы, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, «Серпер» сыйлығының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Саят Қамшыгер ағамызбен қала жастарының және лицей оқушыларының кездесуі өтті. Танымдық кештің барысында лицей оқушылары ұлы ақын Абай өлеңдері мен ақын Саят Қамшыгер шығармаларын нақышына, мәнеріне келтіре оқыса, лицейдің музыка мұғалімі Өмірхан Әділет және оқушылардың орындауындағы Абай әндері шарықтай түсті. «Ашық микрофон» аясында сыр -сұхбаттар, тәжірибе алмасу, ардагер ұстаздардың тың пікірлері кештің шырайын ашқаны сөзсіз. Ақынның сұхбат барысында кітап оқу туралы айтқан мотивациялық кеңестері, тағылымды ойлары, мөлдір, таза поэзиясы оқырмандарды және кеш қонақтарын баурап алғандығы айқын. Кеш соңында лицей директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі Рахимберлина Қарлығаш Тишбековна жүрекжарды лебізін жеткізіп, ақынға сыйластықтың белгісі, қонақжайлықтың көрінісін көрсетіп алқалы шапан жапты. Рухани, өнегесі мол әдеби кездесу осылайша өз мәресіне жетті.