Размер шрифта:

Мәлік Ғабдуллин мұраларының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор

Мәлік Ғабдуллин мұраларының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор

Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын. Онда Елбасы «Рухы мықты халық қана мықты мемлекет құра алады» деп атап өткен еді. Расында да ұлт тарихы мен өркениетін санаға сіңіру патроитизмді, ұлтқа, мемлекетке деген құрмет пен мақтанышты қалыптастыратыны сөзсіз. Жуырда Көкшетауда жарық көрген Кеңес одағының батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллин шығармаларының 11 томдық жинағы -  соның бір айғағы іспеттес.  «Бұл жинақты Мәлік Ғабдуллин музейі қызметкерлерінің көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі деуге болады. 11 томдық жинақты шығармас бұрын біз орталық мемлекеттік мұрағат, ҚР Ұлттық кітапханасымен бірлесе жұмыс істеп, М.Ғабдуллинің еңбектері мен шығармашылығы туралы материалдарды жинастырдық. Бұл жинаққа батырдың шығармалары мен ғылыми-педагогикалық еңбектері ғана емес, бұрын жарияланбаған белгісіз мақалалары да енгізілді. Біздің қызметкерлер бұл мақалаларды жылдар бойы жинақтап, жүйелеп, басып шығарды», - дейді М.Ғабдуллин музейінің бас қор сақтаушысы Серікжан Жүзжанов. Жинақты әзірлеуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанов, филилогия ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов қатысты. Ал, жинақты басып шығару идеясын М.Ғабдуллин музейінің қызметкерлері 2012 жылы жоспарлап, кітапқа қажетті материалдарды жинастырып қойған. Алайда, жинақ тек 2018 жылы ғана Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің тікелей қолдауының арқасында 1 000 таралыммен басылып шықты. Жинақтың тұсаукесер шарасына аймақ басшысы Мәлік Мырзалин, Алматыдағы халықаралық Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің професоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек және Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы бастаған жазушының туған-туыстары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, педагогтың шәкірттері мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысқан болатын. Шара барысында 11 томдық жинақ Ақмола облысының екі қаласы мен 17 ауданынан және Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астанадан  келген кітапхана өкілдеріне үлестірілген еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде этнопедагогикалық және әдеби мұраларын насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отырған жоба батырдың шығармашылығын дәріптеу арқылы жастар бойына отансүйгіштік рух, патриоттық сезім ұялату, сонымен қатар мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға септігін тигізеді», - дейді С.Жүзжанов.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/malik-gabdullin-muralarynyn-oskelen-urpakty-tarbieleude-manyzy-zor_a3498606

Дата: 8.04.2019, 16:11 Автор: Абай атындағы №2 мектеп-лицейі