«Бір аймақ – бір кітап» акциясының түйіні

«Бір аймақ – бір кітап» акциясының түйіні

        Кітапхана –дүниеде ештеңе тең келмейтін білім бұлағының көзі. Қоғам мен адамзаттың өсіп өркендеуі де кітаппен тығыз байланысты. Түсінген адамға кітап - баға жетпес байлық. Кітап көпті көрген көнекөз қариядай тағылымы көп , тәрбиесі мол ақылшы сырласың.

          Қаламыздағы білім беру ошақтарында әдіскер Б.С.Мейірбекова мен мектеп кітапханашыларының ұйымдастыруымен  облыстық  «Бір аймақ – бір кітап» акциясында өткізілген шараларды онлайн-семинар режимінде қорытындыланды.

  Мақсаты: Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және оны насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ  акция  арқылы белсене оқуға баулу, оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Оқушыларды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу

   Қала бойынша  төрт мектептен ұйымдастырылған Ы.Алтынсарин, Б.Соқпақбаев,Б.Момышұлы және Д.Исабековтың  кітаптарын оқып , ойларын ортаға салды. Онлайн режимінде өткізілген семинарға  жоғары деңгейде дайындалып, оқушылардың кітапты бар ынтасымен оқығандығын қуана айтуға болады. Алғашқы топқа № 10,17,24,№3 интернат оқушылары қатысып,  Ы.Алтынсариннің шығармаларынан көрініс қойып, өлеңдерін оқыды.

    Екінші топ Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабы желісінде танымдық ойынды  №5,8,9,16 мектептердің оқушыларының қатысуымен өткізілді. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Сол кездегі  балалық шақтың  қиындығы мен қазіргі кездегі балалық балдауренді салыстыра отырып  қатысқан оқушыларымыз  ойларын түйіндеді

    Үшінші топқа қалалық гимназия,№ 1,4,24 мектептің оқушылары Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан көрініс сахналады.

  Төртінші топқа №2 ,15 лицей,№7 гимназия,№2 интернат  оқушылары Д.Исабековтың «Гаухар тас» шығармасын сахналады. Семинарға белсене қатысқан оқушылар мақтау қағаздарымен  марапатталды.     

Кітап таңдап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу - әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі дегім келеді.

Ғаламтор –біркүндік, кітап- мәңгілік демекші кітаппен сусындағанға не жетсін!

                                                ЖББ № 5 орта мектебінің

                                              кітапхана меңгерушісі   Махашова К.Ш.

Дата: 14.04.2017, 5:56 Автор: №5 ОМ