«ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!» – 9-сынып түлектеріне аттестаттар табысталды

«ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!» – 9-сынып түлектеріне аттестаттар табысталды

2026 жылғы 15 маусым күні №5 жалпы білім беретін мектебінде 9-сынып түлектеріне негізгі орта білім туралы аттестаттарды тапсыруға арналған «ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!» атты салтанатты жиын өткізілді.

2025–2026 оқу жылында мектептің 9-сыныбын 40 оқушы аяқтап, негізгі орта білім туралы аттестатқа ие болды. Бұл күн – әрбір түлек үшін өмірдегі маңызды белестердің бірі. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің нәтижесін көрсететін ерекше сәттің куәсі болған оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қуанышты көңіл күйде бас қосты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Іс-шара барысында мектеп директоры Канатов Зайт Каменулы түлектерді оқу жылын сәтті аяқтауларымен құттықтап, алдағы өмір жолдарына ақ жол тіледі. Ол өз сөзінде оқушылардың білім мен тәрбие жолындағы жетістіктеріне тоқталып, олардың болашақта елдің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.

Мектеп директорының негізгі мектепті аяқтау туралы бұйрығы оқылып, түлектерге негізгі орта білім туралы аттестаттар салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан оқушылар марапатталды.

Түлектерге ізгі тілектерін білдіру үшін сөз кезегі сынып жетекшілері Боранова Ақгүлім Хасенқызы мен Өміртай Ажар Бағдатқызына берілді. Ұстаздар өз шәкірттеріне жүрекжарды лебіздерін арнап, болашақта биік белестерді бағындыруларына, таңдаған мамандық иесі атанып, ел мақтанышына айналуларына тілектестік білдірді.

Сондай-ақ ата-аналар атынан сөз сөйлеген Бабаярова Нарай мектеп әкімшілігі мен ұстаздарға балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие бергендері үшін алғысын айтып, түлектерге жарқын болашақ пен сәттілік тіледі.

Мерекелік жиын барысында оқушылардың қатысуымен әндер шырқалып, жүрекке жылы әсер қалдыратын шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Түлектердің мектеппен қоштасу сәттері ерекше әсерге бөленіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Салтанатты жиын соңында түлектер естелік суретке түсіп, ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдірді.

Жас түлектерге ақ жол, жарқын болашақ, биік мақсаттар мен толағай табыстар тілейміз!

Дата: 18.06.2026, 10:00 Автор: №5 ОМ