Педагогикалық этика ережелері
17.11.2021 ж. Балқаш қаласы №5 мектебінде кәсіподақ төрайымы Мұқаметжан Т.Д. ұйымдастыруымен "Педагогикалық этика ережелері" жөнінде мұғалімдермен жиналыс өткізілді.
Педагогикалық әдеп – педагог әрбір нақты жағдайда балаларға тәрбиелік әсер етудің бірден-бір тиімді құралын қолданатын арнайы педагогикалық іскерлік. Педагогикалық әдепке балалар жүрегіне педагогикалық жол табу деп те анықтама беруге болады.
Педагог өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезіндегі сыртқы келбетіне баса назар аудару керек. Әр балаға жол сілтеп, оның бойына жақсы қасиеттер сіңіретін бірден-бір жан болса, ол – ұстаз. «Шәкірттің жақсы болмағы –ұстазынан» деп дана халқымыз айтқандай, ұстаз оқушыларды білім нәрімен сусындатып, қолынан келгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп қана қоймай, сыртқы келбетімен, киім киісімен, өзін ұстау әдебімен үлгі бола білуі тиіс. Себебі, балалар педагогтің біліміне ғана емес, жоғарыда аталған қасиеттеріне де ерекше көңіл бөліп, тәлім алады. Түстерді дұрыс үйлестіре білген жөн. Ұстаз киіміндегі құптауға лайық түстер ақ және қара түс болып есептеледі. Сонымен қатар ақ сары, қошқыл көк, қоңыр түстерді де қолдануға болады. Өте ашық түстер аталған салада ерсі көрінеді. Педагогтің шаш үлгісі өзіне жарасымды болғаны дұрыс. Психологтардың пайымдауынша, өз келбетінің артықшылығын толықтырып, кемшілігін жасыра білетін адамдарды айналасындағылар жоғары жетістікке жеткен, өзіне сенімді тұлға ретінде қабылдайды.
Педагог мамандығына сай талғаммен киініп, ұқыпты келбетімен үлгі бола отырып, ішкі жан-дүниесінің көркемдігімен, шәкірт жанын ұғына алар кеңпейіл мінезімен көрінуі керек. Адамдар үйлесімділікке баса назар аударатынын есте сақтаңыз. Мәселен, қалай болса солай жасалған шаш үлгісі талғамға сай жейдеңіздің сәнін кетіреді.
Осы нәрселерді шебер үйлестіре білген білікті ұстаз шәкірттерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өскелең ұрпақтың өзіне қарап дұрыс бой түзеуіне, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді. Мектеп ішінде әрқашан сәлемдесіп жылы шырай танытуға міндетті деп сөзін аяқтады.