ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауына пікір
2020 жылдың 1 қыркүйегінде Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары туралы кезекті Жолдауын жолдады. Мемлекет басшысы еліміздегі төтенше жағдай кезінде қиындыққа қарамай, еңбек еткен дәрігерлерге, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау ұйымдарына, кәсіпкерлерге және карантин кезінде ерекше үлестерін қосқан еріктілерге алғысын айтты. Пандемия кезінде індеттен қаза тапқандар мен емделіп шыққан науқастар туралы нақты ақпараттар халыққа жетіп отырғанын, пандемиямен күресу кезінде әлі де босаңсымай , сақтану шараларын орындау керектігін, пандемияның бірнеше жылға жалғасатынын ескертті. Бұл Жолдаудың ерекшелігі - халықтың экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне арналды.Мемлекет басшысы өз Жолдауында медицина саласы, тұрғын үй, зейнетақы қоры, халықтың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларына тоқтала отырып, білім саласынан да айналып өтпеді. Қашықтан оқу кезіндегі кездесіп жатқан қиындықтарға тоқтала отырып, ұстаздар, ата-аналар, оқушылардың күні-түні ватсаптан бас көтермейтіндігі туралы анық айтылды. Елімізде оқушыларға қашықтан оқыту барысында, бірдей мүмкіндік туу үшін қолжетімді платформалардың жасалуына, сапалы білім алу, білім саласындағы басты мәселе-ұстаздардың жалақысын 2021 жылдың қаңтар айында 25 пайызға көтеру керектігіне баса назар аударды.Санитарлық талаптарды сақтап білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәртібіне қайта көшудің жолдарын қарастыру керектігін ескертті. Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдай отырып, көтеріліп жатқан барлық мәселенің өзектілігін түсіндім, бұл реформаларды жүзеге асырудаҚасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, темірдей тәртіп, әділдік жауапкершілік, шынайылық керек екеніне көз жеткіздім.