Размер шрифта:

Жауапкершілік пен жауапсыздық

ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ЖАУАПСЫЗДЫҚ

Күні: 11.12.2013

Сынып:4 «А»

Өтетін орны: сын. № 22

Мұғалім: Асылбекова А.Т.

 

                                                                 Уәде берсең – орында.

                                                                                                                            Мақал

Мақсаты:«Жауапкершілік» ұғымының адамгершілік құндылығы ретіндегі маңыздылығын ашу.

Міндеттері:

- жауапкершілік туралы түсініктерін кеңейту;

- балалардың жауапкершілігін дамытуға ықпал ету;

- өз сөзіне, ісіне жауапкершілікке тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: Баспалдаққа көтеріліп бара жатқан баланың суреті салынған плакат және әрекетті білдіретін сөздер жазылған қатты қағаздар, Ақботаның қоржыны.

 

     Балалар шеңберге тұрып, бір-бірімен сәлемдеседі. Мұғаліммен бірге өлең жолдарын қайталайды:

                                    Атқарамыз әр істі,

                                    Жақсыға біз лайық.

                                    Жауаптылық сезініп,

                                    Уәдеде тұрайық!

 

                                              Өкініш

     Атасының тапсырмасын орындап тастамақшы болып Қайырбек қораға қарай беттеді. Дарбазаның сыртынан біреудің ысқырғаны естілді.

- Қайырбек, жүр кеттік. «Бірлік» ауылының балалары келіпті. Осы жолы оларды нөлмен  қатырмасақ па?

- Әттеген-ай-а!- деп Қайырбек басын шайқады. – Атам фермадағы бір танысынан есектің  қамытын алған екен. «Соны апарып тастарсың»? деп еді.

- Өй, бар болғаны сол ма? Жақып көңілдене күліп қойды.

- Кешке дейін әлі талай уақыт бар. Үлгересің... Көп қиқаңды қойып, бізбен жүр. Олардан өткен жолғы қарымтаны қайтармасақ болмайды. Кездесе кетсе, мазақ қылады.

Қайырбек желкесін қасып сәл тұрды да:

- Мейлі ендеше, - деп, балалармен бірге футбол ойнайтын алаңға тартты. Жолшыбай атасы кездесті.

- Қайырбек шырағым, қамытты апарып бердің бе?

Қайырбек не дерін білмей абдырап:

- Иә, ата, апарып тастадым, - деді.

- Әп, бәрекелді. Өркенің өссін, қарағым!- Атасы риза кейіппен Қайырбекке көзін сығырайта қарап, күміс сақалын уыстай сипап қойды.

      Үй іші кешкі асқа отырды. Ас үйде әжесімен амандасқан біреу дабырлап кіріп келді.

- Кеш жарық!

- Оу, Келденбісің. Жоғары шық!?деп атасы көңілдене дауыстап, кешкі қонақты төрге шақырды.                                                                                                              – Шығамыз ғой. Айтпақшы, құрдас, қартайғанда өтірік айтатын болғанбы-            сың. Бүгін аласың деген қамыт қайда? Үйдегілер «қамыт әкелген пендені көрмедік» деп ант-су ішеді.                                                                                                  

- Апармағаны қалай? Қайырбек шырағым... – Атасы түсін суытып, немересіне қарады. Қайырбек ұяттан кірерге тесік таппай, көзімен жер шұқыған қалпы үнсіз отырып қалды.

                          • Балалар, Қайырбекті ұятқа қалдырған қай әрекет?

                          • Қайырбектің атасы не үшін ұялды?

                          • Қайырбектің орнында болсаңдар, не істер едіңдер?

Балалардың жауаптары тыңдалады.

Дәйексөз

Мұғалім тақтаға «Уәде берсең - орында» деп жазып қояды және осы мақалды бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіреді.

- Әңгімеде айтылғандай, адам өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен орындамаса, өзін ғана емес, өзгені де ұятқа қалдырады екен.

- Сендер «Уәде берсең - орында» деген мақалды қалай түсінесіңдер?

- Сендердің уәде беріп, орындай алмай қалған кездерің болды ма? Болса естеріңе түсіріп айтып беріңдер.

   Балалардың жауаптары тыңдалып, өздері қорытындылауға мүмкіндік беріледі:

- Берген уәдені уақытында орындау үлкен жауапкершілікті білдіреді. Ата-бабамыз балаларының жауапкершілікті болып өсуін армандаған, сол үшін де «Уәдені – берсең орында» мақалы ұрпақтан ұрпаққа бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.

   Балалар дәптердің соңында берілген «Менің дәйексөздерім» айдарындағы бүгінгі сабақтың тақырыбы көрсетілген бетке осы дәйексөзді жазады.

 Ойын-жаттығу

  «Мен жауапкершілікті баламын, өйткені...» деп аталатын ойын-жатты-ғуда балалар өз білім-біліктерін қолданып, ой қорытындысын жасауға мүмкіндік алады.

   Плакатта баспалдақтармен көтерілгелі тұрған баланың суреті берілген. Мұғалім жеке-жеке іс-әрекеттерді білдіретін сөздер жазылған қатты қағаздарды(үлкен әріптермен) Ақботаның қоржынына салады. Балалар кезегімен тақтаға шығып, қоржыннан қағазды алып, онда жазылған іс-әрекеттерді оқиды, бала осы іс-әрекетті жауапкершілікті болуға қатысты деп тапса, оған «Мен жауапкершілікті баламын, өйткені...» деген сөзді қосып айтады. Мысалы:«Мен жауапкершілікті баламын, өйткені уәдемде тұрамын». Мұғалім осы қағазды суреттегі баспалдаққа жапсырады. Егер қоржыннан шыққан қағазда жазылған іс-әрекет жауапсыздықты білдірсе, онда бала оны не үшін жауапсыздыққа жатқызатынын түсіндіріп айтып береді.

     Қағазға жазуға ұсынылатын іс-әрекет үлгілері: уәдемде тұрамын; өзіме сенімді боламын; өзімді басқара білемін; жұмысты қызығып атқарамын; сабақтан кешікпеймін; аулада ұзақ ойнаймын; үлкендердің тапсырмасын ұмытып кетемін; айтқан сөзімді орындаймын және т.б.                                                                                              Мұғалім іс-әрекеттердің санын өз қалауына қарай көбейтуі мүмкін.     Жаттығу соңында балалар мұғаліммен бірге суреттегі баспалдаққа жапсырылған қағаздағы іс-әрекеттерді бірге оқып шығады.

Қорытындылау

Қорытындылау кезінде мұғалім оқушылардың тақырыпты қаншалықты түсінгендіктерін өздеріне қорытынды жасату арқылы тексере алады.

Шығармашылық жұмыс

Мұғалім дәптерде берілген екі тапсырманы түсіндіреді:

Дәптердегі суреттерге қарап, олардың мазмұны бойынша жауапкершілік, жауапсыздық сөздерін қатыстырып әңгіме құрандар.

1-суретте: Екі бала әкесімен бірге екі ағаш көшетін отырғызды. Әкесі балаларына ағаштың күтімі туралы кеңес беріп тұр.

2-суретте: Бірінші бала ағашқа су құйып жатыр. Оның ағашы тіп-тік болып, жапырағы жайқалып өсіп тұр.

3-суретте: Екінші баланың ағашы қурап тұр. Ал баланың өзі алаңсыз доппен ойнап жүр.

• «Мен – жауапкершілікті баламын, өйткені...» айдарымен берілген бос жолдарға жауапкершілікті білдіретін іс-әрекеттерді естеріңе түсіріп жазыңдар.

Мысалы:Мен – жауапкершілікті баламын, өйткені тапсырманы орындай- мын.

                                    Таудай болып өсеміз

                                                                                                          А.Естенов

 

«Таудай бол!» - дер атам да,                   Желкілдеген баудай көк,

«Таудай бол!» - дер апам да.                       Балдырғандар балдай көп-

Асқар таудай жігіттер                                             Өсіп келе жатырмыз

Қажет дейді Отанға.                                             Бір-бір асқар таудай боп.

 

                                        Жаттап ертек, мол аңыз,

                                        Өсіп, өніп тола біз,

                                        Алатаудай айбыңды

            Ел қорғаны боламыз.