2016 жылғы 16 наурызда «Бөбек» МЖДМ КМҚК «Асыл әже мен балдай тәтті немере» атты кіші топтың әжелерінің арасында сайыс ұйымдастырылды. Бұл сайыстың мақсаты - жас ұрпақты ата - баба дәстүрімен тәрбиелеуді негізге алып, әже өнегесін үлгі тұтуға, қарт адамдарды құрметтеуге тәрбиелеу және әжесі мен немере арасындағы жылы мейірімділікті, ыстық ықыласты арттыру болып табылды. Сайыс 6 кезеңнен тұрды. Әжелеріміз ерлеп, әр сайыста өздерінің өнерлі, сөзге шебер екенін, қазақтың салт- дәстүрін ұстанып жүрген, жас ұрпаққа тәлім – тәрбие, өнеге беретін дана аналар екендігін дәлелдеп берді. Әр әже өзінің бір ерекшелігімен танылды. Мысалы, № 1 топтың тәрбиеленушісі Аделяның әжесі Бақытжан әжей тиым сөздерді жетік білгендігімен ерекшеленді. № 2 топтың тәрбиеленушісі Бексұлтанның әжесі мен атасы домбыраның қоңыр үні сүйемелденген әні барша жиналған жұрттың көңілінен шықты. № 6 топтың тәрбиеленушісі Нұрғисаның әжесі Нұрбала әжейдің тігіп әкелген оюлы қоржыны әділ – қазылардың оң бағасын алды. № 7 топтың тәрбиеленушісі Ақнұрдың әжесі Күлпіш әжей өзінің қолөнерімен, күміс көмей әнші екенін көрсетіп, қонақтарды таң қалдырды. № 10 топтың тәрбиеленушісі Ерасылдың әжесі Дария әжей қолөнер шебері екендігін, қазағымның ежелден келе жатқан қолөнерінің бірі - ұршық иіруді ұмыт қылмай , жалғастырып, немерелеріне жылы киімдер тоқитынын көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Сайыстың сәнін келтіріп, ортаға кішкентай бүлдіршіндер тақпақтарын оқып, әндерін айтып, әзіл – сықақ көріністерін ұсынса, балабақшаның тәрбиешілері мың бұралған билерімен барша жұрттың көңілін көтерді. Сайыстың соңында барлық әжелерді марапаттап, қонақжайлылықпен дастархан жайылды.