"Өркенді дамудағы балабақша" атты ашық есік күні
11-04-2017 10:37

2017 жылғы 11 сәуірде «Бөбек» балабақшасының қабырғасында туған қаламыз «Мысты шаһардың» 80 – жылдық мерейтойымен тұспа – тұс «Өркенді дамудағы балабақша» атты тақырыбында ашық есік күні өтті. «Балқаш қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің талап бойынша қойылған ережелеріне сәйкес бағдарлама құрылды. Ашық есік күні, мекеме директоры Жазбекова Жанар Толеутаевнаның алғы сөзінен «Балабақшаның даму стратегиясын» қорғауынан басталды. Өз сөзінде Жанар Толеутаевна мектепке дейінгі ұйымның жұмысын саралап, атқарылған жұмыс нәтижелірі, тәрбиеленушілер мен педагогтардың жетістіктері туралы айтып өтті.

Бағдарламаның жалғасы болып, екі ересек топтарының ашық ұйымдастырылған оқу қызметі болды. Орыс тілінде тәлім алатын топ балалары туған қалалары туралы білімдерін ортаға салып, зияткерлік қабілеттерін сынаса, ал қазақ тілінде тәлім алатын балалар, ғарышкерлер күніне орай білімдерімен бөлісіп, мультфильм кейіпкері Лунтикпен бірге ғарышқа зымыранмен саяхатқа «аттанып», өзге ғаламдықтардың тапсырмаларын орындап, жерге «оралды».

Балалардың білімін тамашалап болған соң, қонақтарымызға балабақша ішімен экскурсия ұйымдастырылды. Ол жерде «Бақытты балалық шақ!» атты фотокөрме, «Мәңгілік ел ұрпағымыз!» тақырыбында ата – аналар мен педагогтардың қолөнер бұйымдары, балаларға әзірленген дидактикалық ойындары ұсынылған көрме болды.

Мерекенің шарықтау шегі болып, «Туған жерім, туған елім – жаса мәңгі!» атты концерттік бағдарлама болып табылды. Концерттің ерекшелігі – балалардың туған қаласына деген сыйы, арнауы болды. Жыл бойы үйренген өнерлерін ортаға салып, келген қонақтардың көзайымы болғаны анық. Концерттің шымылдығын «Дала сазы» атты балалар мен педагогтардан құрылыған сазды – аспап ансамблі ашты. Орыс тілінде тәлім алатын балалар  «Ару Балқаш туралы аңыз» атты педагогтардың шығармашылығының төл туындысынан театрландырылған көрсетілім ұсынды. Мерекелік концертте, сонымен қатар, «Кішкентай қоңыздар», «Чарльстон» секілді көңілді билер сәнін келтірсе, «Айбын» спорттық – патриоттық жобасының қатысушылары әскери – спорттық жаттығуларды көрсетіп, барша жұрттың бойына патриоттық рух ұялатты. Концерт «Көктем сыңғыры» атты би қойылымымен, кейін «Мәңгілік ел» әнімен аяқталды.