Размер шрифта:
Бейімделу.
15-06-2022 09:03
Бейімделу.

Балабақшаға дайындық.
Баланы балабақшаға, тәрбиешілерге үйрету үшін, алғашқы кездері баланы тек балалармен серуендеуге әкеліп, одан соң жарты күн, кейін күндізгі ұйқыға қалдыру қажет. Бұл жағдайға балабақша әкімшілігі түсіністікпен қараса, барлық жағдайда балаңыздың қажеттілігі ескерілетіндігін білдіреді.
Балабақшаға бейімделу – бұл баланың балабақшаға үйрену мерзімі. Бұл мерзімде балада үйден кеткісі келмеу, балабақша талаптарына қарсылық білдіру, қықырлық көрсету, ызалану немесе тұйықтық, балабақша қызметкерімен қарым-қатынасқа түсуден бас тарту әсерлері байқалады. Сонымен бірге ата-анамен қоштасу кезінде анасының қолын жібермей жылаған бала, анасы кеткен соң тәртібі өзгереді- бала тынышталып анасы туралы есіне алмайды.
Бұл неге көрініс табады? Бұл бала бойындағы үйден алыс кетіп, жаңа ортаға, үйреніспеген жағдайға түсуге күйзеліс әсері: Балабақшаға бейімделу кезеңі баланы күйзеліске ұшыратуы мүмкін, өйткені бала өмірінде көп жағдай өзгереді. Оған қарым-қатынас түрі, бала құқығы өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады. «Жалғыз және қайталанбас» баладан «көптің бірі» болуға үйрену оңай емес, бұған уақыт және баланың жоғары бейімделу қабілеті керек. Шартты түрде бұл кезең 2-3 айға ұласады, бірақ әр баланың жеке дара ерекшеліктеріне байланысты бейімделу кезеңі 2-3 аптадан кейін басталуы да мүмкін.
Бұл кезеңнің аяқталу белгісі: баланың жағдайының, көңіл-күйінің тұрақтануы болып табылады. Балалар жаңа ережелерге, бір-бірімен сыйластыққа үйренеді. Бастапқыда бұл қарым-қатынас жанжалдан басталып, содан соң жөнге келеді.
Бұл қиын кезеңді баламен бірге ата-ана да өткереді, сондықтан ата-ана бұл баланың тәртібінде, іс-әрекетінде жағымды өзгерістер бар ма біліп отыру керек.
Міндетті түрде тәрбиешіден балаңыздың сіз кеткеннен кейін қалай жүретіндігін сұраңыз. Өзге адамдардың пікірін тыңдаңыз. Негізінен бала тәртібі балабақшаға кім апарып, әкелгеніне байланысты өзгере ме? Егер солай болса – бала қыңырлығы және қиналуы нақты адамға байланысты болса, мысалы: мамасы немесе әжесі, онда олардың өздерінің жеке уайымдары мен үрейлері баланың балабақшаға бейімделу кезеңін қиындатып жатқан жоқ па? деп ойлануы керек.
Баланың балабақшаға бейімделу кезеңі ата-анаға да қобалжу әкелетінін түсінуі керек. Кей сәттері олар баладан да артық күйзеледі. Сондықтан жанұя мүшелері өз сезімдерін бақылап, негізін түсініп отыруы қажет.
Балабақшаға баланы бергенде анасы не сезеді?

— Менің балама менсіз қиын шығар?
— Тәрбиешілер балама толық көңіл аудара ма?
— Балам қиналса көмектесе ме, жұбата ма?
— Бекер берген жоқпын ба?
— Менің өзіме де қиын болды-ау?
Ана баласын бауырына тартып, өзінің қасында ұзағырақ ұстауға тырысуы, баланың балабақшаға бейімделу кезеңін ұзартып жіберуі мүмкін. Анасы үшін бала өзінің жалғасы сияқты, ол өз сезімдерін балаға «көшіріп», өз күйзелісі мен бала күйзелісін араластырады. Ана өзі ішкі сезімдерін реттеу жұмыстарын жүргізіп, баланы өзінен эмоциялық тұрғыдан ажырату керек. Балабақшаға барған баланың анасына баласының өзіне тәуелді болмай, дербес бола бастағанына, анасының махаббаты мен бауыр басуын қатты қажет етпейтіндігіне үйренуі керек.
Ата-ана не істеу керек? Балабақшаға барғанда баламен қоштасу қысқа мерзімді болуы керек. Бала жылап, анасына ұмтылса да, беттен сүйіп, қол бұлғауға үйрету керек. Бұлай жасай келе, сіз баланы артық уайымнан құтқарасыз.
Балабақша туралы баламен әңгімелескенде, онда көп нәрсе үйренуге, баланың және тәрбиешісімен достасуға болатындығын айту қажет. Ата-ананың сенімділігі, жайлылығы балаға сенімділік берері сөзсіз. Бала балабақшаға барудан «құтылуға» болмайтындығына көзі жеткен соң, қарсыласуын қойып, өз өмірінің бір бөлшегі ретінде қарайды. Үйдің жайлы және әдеттенген атмосферасына ажырап, ол балабақшадан қажеттілігін және жағымды жақтарын тауып, өзге адамдармен, тәрбиешілермен балалармен жақсы қарым-қатынасқа түсуге үйренеді. Бала осы жаңа жағдайға қызықса, үйден алыстағанда қиналмайтын болады.
Анасы мен жанұя мүшелері «баланың жанұядан ажырауын және оның әлеуметтік ортаға шығуын» уайымдамай тыныштанса, бала да тез тынышталады.
Кей жағдайларда ата-ана дұрыс іс-әрекеттер жасаса да, бала балабақшаға бейімделуі ұзақ уақытқа созылады. Бала жиі ауырады, ұйқысы бұзылады, тамақ алысы нашарлайды. Балабақшада бұрышта тұрады, балалар арасында «бөтен» және тәрбиешілер үшін «жүктеме» тіпті бала, қорқақ, үрейленгіш болады. Анасы кеткеннен соңғы жылау және қиналу күні бойы созылады. Бұндай бала өзге балалармен қарым-қатынасқа түспейді, кейде тәрбиешілерден де оқшауланады. Оның іс-әрекеті екі жақтың ортасында қалған: үйден ажырап, бірақ балабақшаға үйренбегендей болады. Нәтижесінде бала өзін бәрі тастап кеткен, бақытсыз жалғыз қалғандай сезінеді.