Құрметті ата – аналар!
Жаз – балалар үшін сауық-сайран мен жайбарақаттық кезең. Ал ата-аналар өте мұқият болуы керек, себебі демалыс орындарында түрлі қауіптер болуы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерімен таныс болған жөн. Оны балаларыңызға айтып қойған артық етпейді.
Жазда судағы қауіпсіздік ережесі:
Отбасылардың барлығы ыстық күндері балаларымен бірге суға шомылуға барады. Ересектер де, балалар да рақаттана суға түсіп, күнге күйіп, таза ауамен демалады. Суға шомылуға барарда мына ережелерді ескерген жөн:
- Балаға сіздің қарауыңызсыз тіпті, үрлемелі дөңгелектер мен матраста болса да суға түсуіне рұқсат бермеңіз;
- Кішкентай баланы суға тек жүзгіш жилетпен немесе жеңдікпен жіберіңіз;
- Балаларға суда тығылатын немесе бір-бірін батыратын ойын ойнауына рұқсат бермеңіз. Оның орнына қуыспақты да, тығылыспақты да жағажайда ойнауларын өтініңіз;
- Салқын тиіп қалмас үшін баланың суда болған уақытын бақылаңыз;
- Күн қатты ысып кетсе, баланың терісі күйіп кетпес үшін арнайы күннен қорғайтын құрал жағып қойыңыз.
Жазда табиғаттағы қауіпсіздік ережесі
Егер отбасыңызбен табиғатқа (орман, саябақ) шықсаңыз, мына ережелерді есте сақтаңыз:
- Мұндай жерлерде әдетте, кене көп болып келеді. Сондықтан балаға жабық шалбар мен жабық аяқ киім кигізген жөн. Шалбар балағын шұлыққа салып қойыңыз;
- Балаға ормандағы таныс емес саңырауқұлақтар мен жидектерді жеуге болмайтындығын түсіндіріңіз. Олар улы болуы мүмкін;
- Сона, ара секілді жәндіктердің шағуын болдырмас үшін олар бар кезде қозғалмай тұру керектігін айтыңыз;
- Мүмкіндік болса, баланы қараусыз қалдырмаған жөн.
Жазғы демалыстағы жалпы қауіпсіздік ережелері
Қауіп тек демалыс орындарында емес, балалар алаңында, жолда немесе қоғамдық орындарда да болады. Сондықтан кей ұсыныстарды ескерген дұрыс:
- Балаға күн тиіп қалмас үшін жаздың ыстық күндері міндетті түрде бас киім кигізу керек;
- Баланың тамақ ішер алдында қол жууды әдетке айналдыруын қадағалаңыз;
- Жаз мезгілінде тамақтан уланып қалу қаупі артатындықтан, жемістер мен көкөністердің балғын болуын қадағалап, жақсылап жуыңыз;
- Баланы бағдаршамнан өтуге үйретіп, автомобиль тигізуі мүмкін қауіп туралы түсіндіріп айтыңыз;
- Балаға ойнау алаңында өзін қалай ұстау керектігін айтыңыз. Соның ішінде, әткеншекке жанынан келу керектігін түсіндіріңіз;
- Баланы жазғы кездегі өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыру керек. Ересек адамсыз от жақпауын өтініп, оның жылдам тарайтындығын айтыңыз.