Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бесжылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды.
Осы міндетті іске асыру мақсатында «Бөбек» балабақшасының ұйымдастыруымен 2015 жылдың жаз мезгілінен бастап ересек тобында «Сиқырлы дойбы» атты жоба құрылды. Жобаның мақсаты – балаларды дойбы ойынын ойнауға үйрету арқылы логикалық ойлау қабілеттерін арттыру болып табылды.
Бұл жобаны іске асыру барысында ақпан айында «Әкелер» мен «Аналар» топтарының арасында жарыс ұйымдастырылса, 2016 жылдың 1 сәуірінде тәрбиеші Куанышбекова Э.Х. жетекшілік ететін «Жас дойбышылар» үйірмесінің қатысушылары «Білгірлер» және «Алғырлар» топтарының арасында аралық жарыс ұйымдастырылды. Ересектер тобының ұл балаларынан құралған «Алғырлар» тобы жүлделі І орынға ие болды. Ойын қызықты әрі тартысты өтті. Жеңімпаздарды балабақша директоры мақтау қағаздарымен марапаттады.
Алдағы уақытта, жобаның жоспары бойынша, келешектегі жұмыс болжамын іске асырып, дойбы ойыны-адамның жеке қасиеттерін дамытатын, әлеуметтік маңыздылығы бар рухани құндылықтарды қалыптастыратын интеллектуалды спорт түрі болғандықтан, балалардың логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін, ой-өрісін, зейінін дамытып, жан-жақты, құзыретті, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеуге барынша күш саламыз.