Абай тағлымынан ой толғаған кездесу
«Абай - руханияттың алтын қазығы» танымдық жоба аясында лицейге Алматыдан арнайы шақыртумен келген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Серпер» сыйлығының иегері, абайтанушы, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Саят Қамшыгер білім ұясының мұғалімдер ұжымымен және оқушыларымен кездесті. Абайдың 175- жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған танымдық, тағылымдық маңыздылығы басым, оқушыларға берер өнегесі мен ұлағаты мол шара болды.
Ақын өзінің поэзиясынан үш- төрт өлең оқып берді.Қонақкәдеге жауап ретінде оқушылар да Ұлы Абай мен Саяттың өлеңдерін мәнеріне келтіре орындады, Ә.Өмірхан мен вокал тобының орындауында Абай әндері тыңдалды.. «Ашық микрофон» ұйымдастырылып, сұрақ- жауап түріндегі сыр - сұқбат жасалды. Ақынның кітап оқу туралы мотивациялық кеңестері тыңдалды.
Кездесуде Ұлы Абайдың асыл қазынасы жайында журналистка ардагері М. Жарылғап, ардагер ұстаздар К.Дәрібек, Ә.Елеубекова, Р.Бақаевалар тағылымды ойлар айтып, Абай мұрасын насихаттау мақсатындағы жұмыстарды жандандыруға бағытталған ұсыныс- пікірлерін білдірді. Екінші күнін шеберлік сағатына арнап, дарынды балалардың шығармашылығымен танысты.