«Құндылыққа негізделген тәрбие мен білім» форумы
Дата: 2023-12-06 16:56:36
«Құндылыққа негізделген тәрбие мен білім» форумы негізінде бүгін 4-желтоқсан күні мектеп-лицейімізде «Бәйтерек» әкелер мектебі мүшелерінің ұйымдастыруымен «Ұлттық мүдде – ұрпақ аманаты» тақырыбында әкелермен кездесу өткізілді.
Мақсаты – мектеп пен отбасының қарым-қатынасын нығайту, ұлттық құндылықтарды бала бойына жеткізуде әке рөлінің маңыздылығын айта отырып, ой бөлісу, тәжірибе алмасу.
Кездесуге қатысушылар намысшылдық, отаншылдық, ұлттық мәдениетті дәріптеу, ел тарихын құрметтеу, салт-дәстүрді сақтау, ұлттық мұраға ұқыпты қарау құндылықтарын отбасында ұрпақ бойына сіңіру жайлы өз ойларымен бөлісті. Мектеп психологы Толетаева А.А әкелерден сауалнама ала отырып, бала тәрбиесіне қатысты тренинг жүргізді.
Спикер Ахметов З.А. ұлттық тәрбиенің бір көрінісі – ұлттық ойындар екенін негізге ала отырып, асық ойынының бала дамуына қосар үлесі туралы айтып өтті. Әкелерге асықты шиырып, қаншалықты алшысынан түсіре алатындықтары және асықтың түсуіне сәйкес бала тәрбиесіне қатысты сұрақтарға жауап беру тапсырылды.
Қорыта келе,әкелер мектебінің мүшесі Абдыкарина М.Ж. «Ана баласына жылулығын, мейірімін сыйласа, әке баланың өз-өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына жол ашады» деген пікір білдіріп, әкелерді бала тәрбиесіне байыпты қарауға шақырды.
«Бәйтерек» әкелер мектебі іс-шарасын ұйымдастырушылар: дене тәрбиесі пәні мұғалімі – З.Ә. Ахмет, нформатика пәні мұғалімі - Л.К. Байжуманова, бастауыш сынып пәні мұғалімдері - М.Ж. Абдыкарина, Ш.Д.Стамбековаға және педагог-психолог А.А.Толетаева.