15 қараша - Ұлттық валюта - теңге күні

Дата: 2023-11-16 00:10:01
15 қараша - Ұлттық валюта - теңге күні
«Абай атындағы №2 мектеп-лицейі» КММ-нің 7, 8, 9 сыныптарының оқушылары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының 30 жылдығына орай Балқаш қалалық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған көрмесін тамашалап қайтты. 
Тәрбиелік мақсаты: оқушылардың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктеріне мақтаныш сезімдерін ояту, ұлттық құндылықтарға негізделгенпатриотизмді, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, елінің тарихын құрметтеу, ұлттық мәдениетті дәріптеу.
Қазақстан теңгесі -  Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылы 15 қарашадағы жарлығы бойынша айналысқа енгізілді. Кез келген егемен елдің рәмізі болатыны секілді өз ұлттық валютасының болуы оны айналымға түсіруі тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі. Ал, теңгенің айналымға түсуі егеменді Қазақстанның қаржылай да тәуелсіз екенін тағы бір жария етуі.
Төл валютамыздың алғаш пайда болуы, өзгеруі және түрленуі тарихына көз жүгіртетін болсақ: 
1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді.
Теңге Ұлыбританияда басылып шықты.
1993 жылдың 12 қарашасы күні «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды.
1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді.
Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.
Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот -  Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.