«Абай үні, Абай лебі»
Дата: 2023-08-10 14:31:03
10 тамыз – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысының толықтырылуымен «Абай күні» ретінде 2020 жылы белгіленген дәстүрлі мереке. «Абай күнін» атап өту хакім, ойшыл Абай Құнанбайұлы мұрасын ұрпақ санасында жаңғыртуды, ақын ілімі негізінде азаматтық ұстанымын қалыптастыруды мақсат етеді. «Абай күні» және «Абай- руханияттың алтын қазығы» жобасы аясында мектеп-лицейде қалалық деңгейде «Абай үні, Абай лебі» мерекелік іс-шарасы өтті. Мерекелік іс-шараның әлқиссасы ұлы Абай рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Іс-шараға қалалық «Тілдер орталығы» директорының орынбасары, Әлихан Бөкейханов атындағы қоғамдық қордың директоры, Абайтанушы, ардагер журналист Махмұт Сәдуақасұлы Жарылғап, ұзақ жылдар бойы Абай лицейін биік белеске бастаған, адамзаттық құндылықтарды оқушылар бойына дарытып, инновациялық дамуына екпін берген үздік басшы, лицейіміздің ардагер ұстазы –ҚР ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері Дәрібек Күлшара Дәрібекқызы, Балқаш қаласының құрметті азаматы, Балқаш қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Сыздыкова Шайзада Рыскуловна, ардагер ұстаз Қағазбекова Зейнел апамыз, «Балқаш өңірі» газетінің редакторы, журналист Қуаныш Аманқұлов және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Қамшы» кітабының авторы Нұрдос Кәрім қатысты. Іс-шара барысында қонақтар ұлы ақынның өскен өлке, ұлылар мекені Семей өңірі, ақын ұлағаты туралы құнды ақпаратпен бөлісіп, мектеп-лицей ұстаздары және оқушылары Абай өлеңдерін нақышына келтіре оқып,
ақын әндерін әуелете шырқады. Шын танып, терең бойлаған адамға Абайдың «Толық адам» туралы ілімі өміріміздің әр саласына қажет. Бұл концепция заман талабына сай қайта зерделеніп, бүгінгі ұрпаққа жетімді түрде насихатталып, түсіндірілуі қажет. Бұл бүгінгі іс-шарада көрініс тапты.
#абайкүні2023