Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...

Дата: 2022-11-06 00:31:37
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» тақырыбында қарашаның 4-і күні білімнің киелі ордасы №2 Абай атындағы лицей төрінде «Жас қалам» жас журналистер клубының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Қамшы» жыр кітабының авторы, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі – Нұрдос Кәріммен кездесті. Бұл жүздесу қаламыздың 85 жылдығы және тарихы терең осы Абай атындағы мектептің 90 жылдығының аясында өтті.
Іс-шараны «Жас қалам» жас журналистер клубының жетекшісі Мақсат Күземханов жүргізді. Бұл кездесуге мектеп оқушылары, клуб мүшелері және тәрбие ісі меңгерушісі Әділет Мәнерханұлы қатысты.
Алғашқы бөлімде жүргізуші шақырылған қонақ – Нұрдос Кәрімді оқушыларға таныстырып, өмірбаянына тоқталып, шығармашылығы жайлы мәліметтерді ортаға салды. Артынша, ақынға сөз кезегі берілді.
Нұрдос Маратұлы сөз алып, оқушыларға кітабы туралы ақпарат айтып, толық таныстырып өтті. Кітабының «Қамшы» атауының мән-мағынасын ашып, жүргізуші қойған сұрақтарға жауап берді, жалынды жырларын оқыды.
Сонымен қатар, әңгіме барысында тәлім-тәрбиеге толы мысалдар келтіріліп, оқушыларға рухани азық боларлық дүниелер қозғалды. Ақындықтың қырының қыр-сыры айтылып, поэзия туралы терең әңгімелер өрбіді. Сұхбат барысында ақын Нұрдос Маратұлы өзінің өмір жолынан, өзінің оқушы болған балалық шағынан түрлі мысалдарды ортаға салып, оқушыларға әсерлі әңгіме айтты.
Сондай-ақ, оқушылар, клуб мүшелері тарапынан да ақынға шығармашылығы, мамандығы және поэзия туралы сұрақтар қойылып, оған лайықты жауаптар қайтарылды. Әрі қарай ақын ортаны өлеңмен өрнектеп, оқушыларды жыр нәрімен сусындатты. Кездесу соңында қатысқан көпшілік ақынмен естелікке суретке түсу рәсімін жасады.