Размер шрифта:

«Әлемге әйгілі - Әуезов» атты танымдық сағат

Дата: 2022-09-28 17:18:04
«Әлемге әйгілі - Әуезов» атты танымдық сағат
 
Әлемге әйгілі, біртуар жазушы, ғасырлық туындының иесі М.О.Әуезовтің шығармашылығын дәріптей отырып, оқушыларды елін, жерін сүюге, алдыңғы буын әдебиет өкілдерін құрметтеп, олардың шығармашылығын терең меңгеріп, ұлтжанды тұлға қалыптастыру мақсатында «Балқаш қаласы Абай атындағы №2 мектеп-лицейі» КММ-де кітапханашы Х.Булганбайдың ұйымдастыруымен «Әлемге әйгілі - Әуезов» атты танымдық сағат өткізілді. Танымдық сағат аясында 8 сынып оқушыларына «Қазақ әдебиетінің дара тұлғалары» атты көрме таныстырылып, Мұхтар Әуезовтің өмір жолы, шығармашылық қызметі жайлы мағлұмат бере отырып, жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы ақпараттар ұсынылды. 
Мұхтар Омарханұлы Әуезов - көрнекті қазақ жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясының академигі (1946), еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы 1917 жылы екі ғашықтың трагедиялық тағдырын жыр еткен «Еңлік-Кебек» атты пьесаны жазудан басталды. Ол «Кінәмшіл бойжеткен», «Жетім», «Кім кінәлі?», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек» атты әңгіме-повестері, «Қилы заман» романы, «Тас қауырсыны», «Алма бағында» сынды қазақ феодалдық қоғамының өткір мәселелерін ашатын пьесаларының, қазақ және қырғыз әдебиеті мен фольклорының тарихы бойынша монографиялық зерттеулердің авторы.
«Абай жолындай» тамаша туындыны дүниеге әкеліп, жер-жаһанға қазақтың қасиетті болмысын, асқақ мәдениетін, терең философиясын Абайдай кемеңгер тұлға арқылы ашып берген Мұхтар Әуезовтің қаншама уақыт өтсе де маңыздылығын жоймайтын  өшпес еңбектерінен әлі талай ұрпақ жігерін жанып, баба сөзінен тамыр жайып, болашаққа бой түзері анық.