«Балалар әдебиеті - ұлт болашағы» атты кітап көрмесі
Қазақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген тәмсіл бар. Бала мықты болып өсуі үшін дұрыс тәрбие мен білім қажет. Президент жаңа жылдық құттықтауында биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулығы мен білім сапасын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру басты міндет екенін айтқан еді. Соған орай, мектеп-лицейіміздің кітапханасында «Балалар әдебиеті - ұлт болашағы» атты кітап көрмесі жасақталып, білім алушылар назарына ұсынылды. Көрмеге биылғы оқу жылында кітапхана қорына түскен жаңа кітаптар қойылған. Жалпы, кітап оқу - бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Нақтырақ айтқанда, бұл процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады және сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартады. Сондай-ақ, әрбір адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятуға итермелейді.