Халықтың ұлы мұрасы-Абай Құнанбаев
Абай – мыңжылдықтарды құшағына сыйғызған, заманалар сырын толғаған, адам болмысының құпиясы мен тұңғиық тереңін нәзіктікпен сөйлеткен, рухани жетілудің жолдарын көсемдікпен көрсеткен келешектің кемел жаратылған Ұлы Даланың өрен тұлғасы. Хакім Абай қағидаты, ұстанымы – мемлекет өркендеуі мен қоғамды ізгілендірудің, елді сәулелендірудің кепілі.
Тегінде, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» дейтін өлеңінде:
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын!
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті болар дайын – деп, белсенді суреткерлік іс-әрекет қызметін, жалынды ұйымдастырушылық қабілетін, ақыл-ойдың қопарылысына, рух жанартауына ие екендігін, ақындық лебізінің ішкі поэзиялық мазмұнға, танымдық-этикалық, көркемдік-философиялық құндылықтарға мейлінше бай екендігін мәлімдейді. Я болмаса: «Тәуекел мен батыр ой, Өткір тілді найза етіп» деуінде («Қуаты оттай бұрқырап») поэтиканың негізгі шарттарын атайды. Олар: шешімпаздық, айрықша психологиялық-философиялық мазмұн, өте-мөте сұрыпталған, қажетті, таңдамалы, «жалын мен оттан жаралған сөз».
Жаратушылық энергиясы, дарындылық, шығармашылық деңгейі, білімі, тәжірибесі, ойлау жүйесі жоғары Абайдың ой толғау, сөз саптау мәдениетіне зерделі зейінмен үңілсек, ол абызша, билерше, данышпанша пайымдап толғанады, жігітше жалындайды («Жігіт сөзі»), қызша сызылады («Қыз сөзі»), тақпақтап, жұмбақтап, мысалдап, сықақтап, намысқа қызып сөйлейді. Адамгершілік қарым-қатынас ғылымына да жетік. Қазақ жаңа жазба әдебиетінің көшбасшысы, жаңаша көзқарас, жаңаша таным иесі ұлт руханияты тарихында қазақ әдеби тілінің классикалық тазалығын туындатты. Ол поэзия тілінде, ғылым тілінде, ауыз-екі сөйлеу тілінде дарабоздығын танытты. Абай шығармашылығында халықтық, лирикалық-философиялық, реалистік, халықтық, шығыстық, аңыздық, романтикалық, сатиралық, ауыз-екі сөйлеу стильдері бар. Задында, стильдің сан алуандығы Абайдың индивидуальдық көркемдік-философиялық интуициясын, интеллектуалдық-психологиялық әлеуетін, заманның, тарихтың рухын, танымның сезімдік формаларын (түйсік, елестету, қабылдау, түсінік, ес), мәдениетін, шеберлігін, көркемдік әдісін танытады.
Өркениет тарихында Абай құбылысы – философиясымен, гуманистік көзқарасымен, көркемдік шеберлігімен, стилистикалық мәнерлігімен, формалық жаңалықтарымен, ғылыми дүниетанымымен өзгешеленеді.
ЮНЕСКО-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениет басқармасының) Бас директоры Федерико Майор: «…Абай – әлемдік тұлға… ұшан-теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол – нағыз ғұлама, әрі тәңірдің құдіретімен туған әулие десе де болғандай. Оның поэзиясының өнебойынан адамдарға деген сүйіспеншілік пен аяушылық сезімі есіп тұрады… Ал гуманистік ойлары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаласың… Абай – әлемдік поэзияның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға» – дейді. ( «Егемен Қазақстан», 1994 жыл, 20 шілде).
Ақынның өсіп-өнген ортасы, мектебі, мәдени дәстүрлері өз алдына күрделі мәселе. Мұның өзі алуан-алуан қатпарлы, астарлы, тұңғиық сыр әлемі.
Біріншіден, Абай өскен орта – халық ақындарының, шешендерінің, шежірешілерінің, ой мен тіл көсемдерінің алтын ордасы. Әкесі Құнанбай от ауызды, орақ тілді, мұсылманшылық қағидаларын жүйрік білетін от жігерлі жан. Әжесі Зере ертекші болған.
Абай өзінің ақындық, азаматтық, данышпандық ұстанымын – «Мақсатым, тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Білімдіден аяман сөздің майын», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұран сөздерінде айқын көрініс тапса, ісінен де сондай анық.
Абайдың ұстаздығы, сыншылдығы бір ғажайып байтақ әлем. Халық әдебиетінің білгірі Абай: «Қазақтың ескі ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені: көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені; діні, білімі қандайлық кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-харекеті не екені көрінеді» – дейді.
Өркениет пен мәдениетті тең дәрежеде өркендеткен. Сөйтіп, Абай өнегесі, ұстаздық еңбегі, ғұламалық қасиеті, тарихи-көркем тәжірибесі ұлттық рух пен ұлттық сананың жетілуіне өлшеусіз үлес қосқаны, халық қазынасын байытқаны даусыз.
Абай тұлғасында жалынды ұйымдастырушылық, тәлімгерлік, жоғары интеллектуалдық мәдениет, ішкі тәртіп пен тәжірибе, телегей білім мен ақыл, тілге, дәстүрге, өнерге, ғылымға, өркениетке жүйріктік, мақсаткерлік, таза, ұшқыр, дәл интуиция тән. Абайдың ойы- терең тамырлы, сәулелі, мағыналы.
Демек, Абай тұлғасы – дара құбылыс, ақын-ойдың, парасаттың асқар биігі. М.О.Әуезовше айтқанда, ««Абай кемесі» кең жайқын әлемде сенімді, түзу жол сызып, маңып барады». Абайдың дәстүрі, мектебі – Ұлы Дала руханиятының жаңарып-жаңғыруына, жас ұрпақтың ой-санасының жетілуіне керемет әсер сыйлайды.