☀️ Жазғы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Дата: 2026-06-03 10:55:20
☀️ Жазғы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігі – басты назарда

2026 жылғы 22 мамыр күні Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайында қалалық ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Жиынға білім беру ұйымдарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, денсаулық сақтау саласының мамандары және ата-аналар қатысты.

Кездесу барысында балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар ата-аналарға су айдындарында, жол қозғалысы кезінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және интернет желісін қауіпсіз пайдалану бойынша маңызды ұсыныстар берді. Сонымен қатар балалардың кешкі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрмеуі, арнайы рұқсат етілмеген орындарда шомылмауы және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажеттігі түсіндірілді.

Құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы айтып, ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын жеткізді. Осы орайда жазғы лагерьлерге, спорттық секцияларға, шығармашылық үйірмелерге қатысу балалардың жан-жақты дамуына және қауіпсіз демалуына ықпал ететіні атап өтілді.

Жиналыс соңында ата-аналардың сұрақтарына жауап беріліп, бала қауіпсіздігі – отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігі екені ерекше айтылды. Балалардың амандығы мен жарқын болашағы үшін барлық тараптардың бірлесе әрекет етуі маңызды екендігі назарға ұсынылды.

Автор: №5 ОМ