06.06.2012 г. президенттің Нұрсұлтанның Назарбаева аттануы алдым Назарбайдың студенттерінің университеттің
Қадірлі жастар!
Білім жолындағы жас қырандар! Оқытушылар мен студенттер!
Сіздермен кездесіп, ой бөлісетін дәстүрлі дәріс мен үшін үлкен әр уақытта қуаныш! Жаңа оқу жылы құтты болсын, берекелі, табысы мен жеңісі мол жыл болсын!
Ықылым замандардан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі күні айрықша болып отыр. Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман.
Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік.
Сол білімді әжетке жаратып, тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады.
Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны.
Қымбатты жастар!
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген.
Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз. Мына заманда «Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады».
Сендер, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер.
Мемлекеттің ең ұлы мұраты – әрбір азаматының тауқымет көрмей, бақуатты тіршілік кешуі. Менің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламның да түпкі мәні осында.
Қазақ «бейнет түбі – зейнет» дейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тіршілік жасау бізге жат қылық болуы тиіс.
Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал. Бұл – заман талабы.
Сендер Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуларың керек. Кез-келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім жетпеген табысқа жете алады.
Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес. Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты.
Ендеше, білімдерің толыссын! Еңбектерің жансын!
Назарларыңа рахмет!