Дәстүр мен ғұрып
Дәстүр мен ғұрып
Қазақ халқы – салт - дәстүрге өте бай халық. Ал салт - дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Жалпы салт - дәстүр деген не, соған тоқталып өтейік. Салт - дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт - дәстүрмен, өнегелі әдет - ғұрыппен, ырым - тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Б.Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт - дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт - дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн - жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады.
Отбасында ата - ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға салт - дәстүрлерін үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп. Оқушыларымның бойына қазақтың салт - дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастырып, қазақ халқының салт - дәстүрі мен әдет - ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып, олардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыру басты мақсатыма айналды. Балалар, үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, балаға – базарлық, сәбиге – көрімдік, жетім - жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, сағынғанға – сәлемдеме, қуанышқа – шашу шашып ешқашан салт - дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара берсін демекпін.
"ЖББ" №3 орта мектебі" КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Утешова Ақерке Маратқызы