Мектеп директорының 2022 жылғы түлектеріне арналған құттықтау тілегі!

Қымбатты түлектер!
Құрметті ата аналар, ұстаздар және қонақтар!


Баршаңызды бүгінгі «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мерекені оқушы, мұғалім және ата-аналардың 11 жыл бойғы білім жолындағы атқарған еңбектерінің ортақ жемісі деп білеміз.

Құрметті түлектер!

Бүгін Сіздер орта мектепті тәмәмдап, арман жетегінде сан тарапқа тарап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрсыңдар.
Біз Сіздерді бүгінгі жастардың бойында болу керек құндылықтарға тәрбиелей отырып, отаншыл, қазақстандық патриоттық сезімі қалыптасқан, білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан заманда инновациялық өзгерістерге дайын тұлға болуға бейімдедік.

Сіздер еліміздің ертеңін құратын жалынды жастарысыздар. Елімізде биылғы жыл - Балаларжылы деп жарияланған болатын. Бұл ұлтымыздың болашағы – мына сендерге деген қамқор, қолдау және үлкен сенім болып танылады.

Құрметті ұстаздар!

Бүгінгі мерекеде Түлектерге сапалы білім беріп, өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік негіздерін қалыптастыруда адал да, жемісті еңбектері үшін директор орынбасарларына, мектепұстаздарына ерекше алғысымды айтамын.

Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық ізденіс пен табыс, мол күш-қуат, білім шыңына жетелеген зерек оқушыларыңыздың көбейе беруін тілеймін!

Құрметті ата - аналар!

Бүгін Сіздер ерекше толқып, шаттыққа бөленіп тұрсыздар. Бала сіздердің болашаққа деген үкілі үміттеріңіз. Сіздерді бүгінгі тамаша қуаныштарыңызбен құттықтай отырып, бізбен бірге болған талай талай кездеріңіз, қолдауларыңыз үшін рахмет айтамын.

 

Сіздер күрделі кезең алдында тұрсыздар. Балаларыңыз университет пен мамандық таңдау секілді маңызды қадам жасау алдында тұр. Бүгінгі Әлем бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріс үстінде. Көп мамандықтар өзектілігін жоғалтып, артта қалуда, алдыңғы қатарлы технологиялар дамып, жаңа мамандықтар пайда болуда. Сондықтан балаларыңызға дұрыс қолдау көрсетіп, болашақта қажет болатын маманиесі болуғатілектеспіз.


Құрметті түлектер!

Қадам басып отырған жаңа өмір жолында Сіздерге бәсекеге қабілетті білім, креативті көзқарас, шығармашыл ой-өріс өмірлік серіктеріңіз болсын.

Алған білімдеріңіз бен барлық күш-жігерлеріңізді Тәуелсіз еліміздің игілігін арттыруға, одан әрі нығайтуға жұмсайды деп сенемін.

Баршаңызға сәт сапар, ақ жол тілеймін!

Дата: 16.06.2022, 11:48 Автор: №25 жалпы білім беретін мектеп