Әйтеке Бәйбекұлының туғанына 375 жыл толуына орай «Даналар сөзі- ақылдың көзі» атты шешендік өнер қалалық байқауы өтті

Әйтеке Бәйбекұлының туғанына 375 жыл толуына орай «Даналар сөзі- ақылдың көзі» атты шешендік өнер қалалық байқауы өтті
    2019 жылдың 22 қарашасында Әйтеке Бәйбекұлының туғанына 375 жыл толуына орай «Даналар сөзі- ақылдың көзі» атты шешендік өнер қалалық байқауы өтті. Байқауға  15-25 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, ұлттық және қазіргі заман талабына сай киім үлгілерімен, шешендік өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
 Байқауға қатысушылар үш кезеңнің тапсырмаларын орындады.
   «Сәлем – сөздің атасы» деп аталатын 1- сәлемдесу кезеңінде үміткерлер шешендік өнердің өзіне тән сипаттарын, шарттарын сақтай отырып, қара сөзбен, ділмәр сөз, тапқыр сөздер арқылы өздерін көпшілікке таныстырды. 
«Даналар сөзі – ақылдың көзі» деп аталатын 2-кезеңде Әйтеке бидің шешендік сөздерінен үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды.
 «Шешендік – шеберлік» деп аталатын 3-кезеңде үміткерлер жеребе бойынша ұсынылатын шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау мәселелеріне байланысты тақырыптар бойынша бір-бірінен асып түсетіндей білгірлік, ділмарлық, шешендік таныта және тақырыпты бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып өз ойларын ортаға салды.
Осы сайысқа ЖББ №5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Адамбаева Бақытгүл Тарыбайқызының жетекшілігімен 9 «А» сынып оқушысы Русланқызы Баян қатысты. Баян сайыста өзін:
«Сөз анасы - сәлем» дер дана халқым,
Өмір бойы сыйлап өскен ата салтын.
Сәлем бердім баршаңа, тыңдармандар,
Деніңіз сау, жүздеріңіз болсын жарқын!
Таныстырсам өзімді тегімменен,
Руым — Сарым қиындықтан шегінбеген.
Сағат тегі Русланқызы Баянмын,
Өнер менен білімді егіз көрген. 
Шын сыналған жүйрікте мін болмайды,
Ақылы озық - біреуге күң болмайды!
Келіні дана болған қазағымның,
Ұлдары өзге елге құл болмайды!
 
Көпшілік, мен де өзімді сынға салдым,
Ұлықтап Әйтеке бабам сөз маржанын!
Көп айтып өз жайымды не қылайын,
Өнеріммен одан да таң қылайын!
Кішіге үлгі, үлкенге өнеге боп,
   Сахнаның төрінде сән құрайын! - деп таныстырып, көпшілікті бір серпілтіп тастады.
   Қалған екі кезеңде де Баян ерекше сөз өнерімен, жақсы дайындығымен көзге түсіп, қарсыластарынан озып, жүлделі 1-орынды қоржынына салды. Талабыңа нұр  жаусын! Шабытың шалқи берсін, Баян!
 
Дата: 26.11.2019, 14:25 Автор: СШ №5