Размер шрифта:

Акция "ЭКО CITY"

Акция

«Біз қоршаған ортаны жақсартамыз!» ЭKO CITY акциясын жариялаған бетте Балқаш қаласы «Ер Төстік» балабақшасының барлық ұжымы,ата-аналар,бала-шағасымен келіп ұйымдасып,бүгін яғни,сенбі күні жиналып,жер тоңазымай тұрғанда  шыбық қадап, тал отырғызып – сауапты іс жасадық.

Мұндай акция күнделікті өміріміздегі біздің ортақ істеріміздің негізі болуы тиіс.

Табиғат – адам баласына баға жетпес байлығы мен мол қазынасының көзі. Ендеше, қоршаған ортаны таза ұстау бүгінгі жас ұрпақтың міндеті. Жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Жапырағы жайқала өсіп тұрған ағаштар шаһарымызға сән беріп ғана қоймай, ауаны да тазартады.

Жазда көлеңкесінен сая тауып, тұрғындар дем алады,ару қаламызға қанша жасыл желек ексек те артық етпейді.

Балқаш қаласы – киелі мекен ,сыйқырлы Балқаш көлі, құт дарыған Бектау -атамыз,ал қазіргі кезде бұл өңірдің экологиялық жағдайы қорғауды қажет етіп тұрған бірден-бір өлке болып табылады.

Кез келген шаһардың көркін ашып, келбетін келісті етіп, әрін арттыратын да – оның тазалығы мен жайқалған жасыл желегі. Бұл екеуі болмай қаланың сәулетіне сән кірмейді, тамырына қан жүрмейді. Сондықтан да, шаһар шырайын шұғылалы ету мақсатында биыл да көп күш жұмсалды, нәтижесі де көрініп-ақ келеді. Дегенмен, экологиялық жағдай жылдан-жылға күрделеніп келеді. Оны жақсартуға барынша үлес қосуымыз керек. Көшеттердің жайқалып өсуін үнемі қадағалау қажет. Табиғатты аялау – адамзаттың басты парызы. Оның басты шарты – айналаны ластамау, ұқыпты қарау, таза ұстау әр адамның өзінен басталуы шарт. Қазіргі көлiк қозғалысының көптiгi, газдың ауаға шамадан тыс тарауы жасыл желектерге сұранысты арттырып отыр. Төңіректе тегіс тал-терек өсіп, гүлзарлар жайнап тұрса қандай керемет! Бұл қиял емес, егер әр тұрғын ағаш отырғызу акциясына қатысып, жасыл желекті күтуге қолұшын тигізсе қаламыз құлпырып шыға келері анық.

"Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жоймаса екен. Жыл сайын жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары күз мезгілінде басталып, келесі күзде жалғасын тапса екен деген ниеттеміз.

Дата: 17.10.2020, 14:05 Автор: Ертөстік