Бүгін, яғни 5-мамыр күні біздің «Бөбек» балабақшасында ата-аналармен облыстық «Сырттай балабақша» жобасының аясында тағы да бір кездесу өтті. Бірінші блокта Кеңес беру орталығының жоспарымен «Ерте жастағы балалармен қарым-қатынас жасау» тақырыбы бойынша әдіскер Базарбаева Күнменай Мақсұтқызы кеңес берді. Біз баланы кішкентайынан «болмайды» деп тыйып тастамай, балаға әлі түсініксіз мына дүниеге бейімделіп, ненің қауіпті, ненің қажет екенін, «болады» және болмайдыларды» ажырата білуіне көмектесуіміз керек. Осы мәселе бойынша ойын ойналды. Ата-аналардың біріне бала рөлін беріп, оған «аузыңды жап» деп бір ата-ана аузын лентамен байлайды, «мына затты ұстай берме» деп қолын байлайды, «ана жаққа жүгіріп бара берме» деп аяғын байлайды. Бұл ойынның мақсаты, балаға қаншалықты ауыр жаза екенін сезіну. Енді осының шешу жолдарын іздеп, ата-аналар бір-бірлеп байлаған ленталарын шешеді. Ойын өте тартымды өтті, ата-аналар бала тәрбиесінің басқа да қырларын танып білгендіктерін айтты. Балабақшамыздың тіл маманы Искакова Ғалия Мұхтарқызы «Баланың сөйлеп кетуіне қалай көмектесуге болады» тақырыбында кеңес берді. Кеңес беру орталығының жұмысының соңында ата-аналар екі топқа бөлініп, «Бақытты бала» қандай бала екені туралы өз ойларын ватманға жазып, оны қорғады. «Арман тобы» бала неғұрлым материалдық жағынан қамтамасыз етілсе, соғұрлым ол бақытты болмақ деген ұғымды қорғады. Ал екінші «Бақыт» тобы, бейбіт елде, дені сау, ата-анасы, жақындары жанында аман-есен болса, сол бала бақытты деген тұжырымды қорғады. Соңында ата-аналарға «Балаңыздың алғашқы қадамы» және «Сөйлеп кетудің 10 тәсілі» атты жадынамалар таратылды. Екінші блокта «Ойын орталығында» кішкентай сәбилерге тәрбиешілердің арнайы дайындаған ойындары ұсынылды. Саусақ моторикасын дамытуға арналған «Сенсорлы кілемше», «Автотұрақ», «Бизиборд» ойындарымен балалар аса қызығушылықпен ойнады. Келесі кездесуге ата-аналарға Монтессори әдістемесі бойынша ойын дайындап әкелу тапсырмасы берілді.