«Сыйынар ем, Ана деген тәңірге!» атты мерекелік концерт
Дата: 2023-05-14 16:47:30
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мектебімізде «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге!» атты мерекелік концерт өтті. Ана - тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы екенін, жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры, аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытқан аналар екенін жеткізу, анаға деген бала махаббатын ояту көзделді.
Мектеп директоры Г.С.Мейрбекова нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекелерімен құттықтады. Мерекелік кештің барысында оқушыларымыз ән айтып, мың бұрала билеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Қазақстан қоғамында әйелдер, ең алдымен, аяулы ана, сүйікті жар, кәсіби маман және жауапты лауазым иесі. Сондықтан да айтулы мереке қарсаңында абзал аналар мен аяулы аруларға лайықты сый-құрмет көрсетілуі – елдігіміздің белгісі. Мерекелік концертте түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен ұстаздар құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапатталды.
Дана халқымызда: «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», «Қыз өссе – елдің көркі» деген қанатты сөздер бар. Бұл сөздер – халқымыздың ежелден әйел затын ардақтай білгенінің айғағы. Жаһанның жаратушысы-қырық шырақты дана әжелер, мерейлі жер жүзіне шырай берген асыл аналар мерекелеріңіз құтты болсын!!!