"Еңбек-елдің мұраты" жобасы
Дата: 2020-10-09 08:58:00
«Балқаш қаласы Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін №25 орта мектебінің 10 -сынып оқушысы Ілияс Шыңғыстың қаламыздың әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық- саяси өміріне белсене араласқан, Қоңырат ықшам ауданының еңбек ардагері Тоқтаубаев Ілияс туралы «Еңбек- елдің мұраты» атты жобасы.
«Біздің Тоқтаубаевтар әулеті Қоңырат кентінде танымал көп балалы отбасы. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей атам салған сара жолмен әулетіміз көркейіп келеді. Марқұм атам «Қолы қимылдағанның ауызыда қимылдайды» деген сөзді үнемі айтып отыратын. Атамыздың өзінен ерген ұрпақтарының бәріде өзі секілді еңбекқор болып, жолын жалғастырып келеді.
Бәйтеректей жапырағын жайған,тамырын тереңге тартқан асқар таудай әкеміз , отбасына сая болған атамыз Тоқтаубайұлы Ілияс 1936 жылы 19 ақпанында Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккері,жастайынан еңбекке араласып, ерте есеюге мәжбүр болды.Соғыс аяқталған соң Балқаш қаласында шопыр дайындайтын курсқа оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап,45 жылдан астам уақыт Қоңырат кенішінде автокөлік цехында жүргізуші болып қызмет атқарған.1958 жылы үйдегі Мағзура апамызбен түтін түтетіп ,шаңырақ көтерді. Алтын құрсақты апамыз дүниеге сегіз бала әкеліп , «Алтын алқа» иегері атанды.
Атамыз әрқашанда еліміздің және қаламыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүретін. Соның нәтижесінде кент және қалалық кеңестің депутаты болып сайланып талай мәрте мінберден елдің сөзін сөйлеген. Еңбек жылдарында жинаған білімі мен тәжірибесін зейнеткерлікке шықса да, Қоңырат кенішінің Ардагерлер кеңесін басқару қызметінде өз үлесін қосты.
2011 жылы Елбасымыздың таққа отырғызу рәсіміне, Балқаш қаласы ардагерлер атынан қатысып тарихи оқиғаның куәгері болды.
2011жылы«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
2013 жылы Кеншілер күні мерекесіне орай «Қазақмыс корпорациясы» атама темір тұлпар мінгізді.
2015 жылы «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.Өзінің ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Еңбек ардагері» орденімен, мерейтойлық медальдармен, алғыс хаттармен және мадақтау қағаздарымен марапатталған.
2016 жылы мамыр айында Халықаралық отбасы күніне арналған «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында қалалық отбасылардың
арасынан «Бас жүлдеге»ие болдық . Қарағанды облысына қарасты қалалардың байқау жеңімпаздары Қарағанды қаласына шақырылған болатын.Облыс әкімінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып,мадақтау қағаздарымен және сыйлықтарын тарту етті.
Осындай ерен еңбегімен халықтың құрметіне бөленген атамыз мен үшін үлкен мәртебе. Мен өскенде атам сияқты боламын».