Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі.

Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат,  өйткені мұғалім - мектептің жүрегі.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы - жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі - мұғалім.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту - адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету - білімге құрмет көрсету.
Осы орайда, мектеп-лицейіміздің Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Карибжанов Ержан Турарович білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі кәсіби біліктілігі үшін Құрмет грамотасына ие болды. Құттықтаймыз!
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Дата: 7.11.2023, 0:56 Автор: Абай атындағы №2 мектеп-лицейі