АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ!
Жақында Абай атындағы №2 лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Имухаметованың жетекшілігімен 7, 9 және 10 сынып оқушылары Қарқаралы қаласында болып, «Арқаның сәукелесі» атанған табиғаты сұлу өңірдің киелі жерлерін аралап, Құнанбай қажы мешітіне тәуеп етіп қайттық.
Бұл саяхат Абай атындағы №2 лицейдің «Абай – руханияттың алтын қазығы» танымдық жобасын жүзеге асыру мақсатында және Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған жоспарлы шара. Жобаның мақсатына сай келген әрі үдесінен шыққан мұндай саяхаттың танымдық мәні зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты негізінде әзірленген «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне енген Құнанбай қажының мешітін көру және оған тәуеп ету – танымдық жобаны жүзеге асыру бойынша жасалып жатқан жұмыстардың жалғасы. Абай руханиятына, Абай мұрасына қатысты дүниелерді зерттеу, насихаттау және сол арқылы лицей оқушыларының рухани білімін молайту, имандылығын күшейту, отансүйгіштік, елжандылық және ұлтжандылық қасиетін қалыптастыру – жоба бойынша тындырып жатқан жұмысымыздың басты бөлігі болмақ.