«Ұлы дала мұрагерлері» форумы

                                    «Ұлы дала мұрагерлері» форумы 
2018 ж.3-4 маусым күндері Жезқазған қаласында Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мақсатында «Ұлы дала мұрагерлері»атты форумы өтті. Бұл форумға Балқаш қаласының қалалық білім бөлімінің басшысы, білім беру мекемелерінің директорлары, мектеп координаторлары, тренерлер, мұғалімдер қауымы қатысты. Аталған іс-шара «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» кіріктірілген білім беру бағдарламасына, әлеуметтік тәжірибелері мен жобаларына негізделген. Бірінші күні №8 гимназияда «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін тарату бойынша педагогикалық еңбек ардагерлері және ата-аналар қоғамдастығына арналған шеберлік сыныптар,тренингтер өтті. Шеберлік сыныптар «Үштілді білім беру», «Критериалды бағалау», «Білім беруді цифрландыру», «Жаңартылған білім беру мазмұнының оқулықтары» бағыттарын қамтыды. Сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» білім беру бағдарламалары, педагогикалық шеберлік, педагогикалық өлшемдері,ақпараттық құралдар, оқулықтар, кәсіби әдістемелік әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылған. НЗМ мұғалімдерімен бірге Жезқазған, Сәтпаев қалалары және Жаңаарқа ауданының ұстаздары өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Екінші күні «Алаша хан» орталық алаңында оқушылардың шығармашылығын насихаттайтын «Шеберлер қаласы» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қолөнер бұйымдары, графика, кескіндеме, кілем тоқу, сырмақ жасау ұсынылды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жүйесіндегі «Буккроссинг», «Оқуға міндетті 100 кітап», ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Қазақтың 100 әні», «100 күйдің тарихы» жаңа әлеуметтік жобалардың презентациялары өтті. Қонақтар мен қала тұрғындарына салауатты өмір салтын дамыту аясында эковелошеруі мен «Алға,Қазақстан»флешмобы ұсынылды.Форумның соңында Достық үйінде Астана қаласының 20 жылдығына, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әлеуметтік жобалары мен тәжірибелері негізінде дайындалған оқушылар қойылымының бағдарламасы ұсынылды. Қойылымда Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, «Мәңгілік ел» тарихы туралы көлеңкелі театр, халық әні «Назқоңыр», «Оқуға міндетті 100 кітап» хореографиялық, «Көптүрлі және көптілді Шығыс базары» хореографиялық қойылымдары , «100 күйдің тарихы»жобасы аясында «Балбырауын» күйлері жоғары деңгейде көрсетіліп, ұстаздар мен ата-аналардың шынайы ықыласына бөленді. Оқушылар өздерінің нағыз отаншыл, креативті, жан-жақты дамыған шығармашыл тұлғалар екенін паш етті. Отандық озық білім берудің технологиялары мен ұлттық құндылықтарымызды тәлім мен тәрбие арқылы, этнопедогогикамен терең ұштастырған ,барша қауымға ой салар тағылымы терең форум, Мәңгілік елдің мәртебесін асқақтата түсті.