Мектеп ұжымы Елбасы жолдауын талдады

Мектеп ұжымы Елбасы жолдауын талдады

Елбасының жыл сайынғы жолдаулары - қоғам назарында, халық Жолдаудағы Елбасы тапсырмаларының міндетті түрде орындалатынына сенім артып, зор үмітпен күтеді.

Жалпы білім беретін №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектеп ұжымы үстіміздегі жылдың 9 қазанында Президенттің 2018 жылғы 5 қазандағы «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» Жолдауын талқылады.

Жиын басында ұстаздарды тарих пәнінің мұғалімі Е.А.Аринов Жолдаудың басты бағыттарымен таныстырып өтті.

Мектеп директоры Ү.А.Сартаева Елбасының халыққа жариялаған кезекті Жолдауы жолдарында көрсетілген өзекті мәселелердің барлығы жаңа заманға лайықты даму бағытында оң өзгерістер мен дамуға бастайтын маңызды бағыттар екенін айта келе, Президентіміздің ұстаздар қауымын әр уақытта қолдайтынына назар аудартты. «Еліміздегі ұстаздар қауымын нақты қолдау – бұл еліміздің саналы және білімді ұрпағына деген қамқорлықтың көрсеткіші»,-дей келе, мектеп басшысы Елбасымыз алдағы уақытта Педагог статусы туралы Заң қабылдауға тапсырма бергені туралы айтты. Сонымен қатар, мұғалімдер беделін көтеру және оларды материалдық тұрғыда қолдау олардың лауазымдық еңбекақысын ұлғайту ғана емес, оқытушы мамандығының абыройын көтеруге, ең алдымен мұғалім біліктілігін жетілдіруге ынталандыруға, өзін-өзі жетілдіруге және оқытудың үздік әдістерін меңгеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

Сонымен бірге Елбасы осы Жолдауда мектептерде Назарбаев интеллектуалды мектебінің үлгісіндегі білім беруді кеңінен тарату жайында сөз қозғағанын айтып, мектебіміздегі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жүргізіліп жатқан оқу үрдісінде Назарбаев интеллектуалды мектебінің тәжірибесі іске асырылып жатқанын атап өтті.

Жарыссөзге қатысып, сөз алған ұстаздар Президентіміздің Жолдауы ең алдымен біздің мемлекеттің қарыштап дамуының бағдарын айқындап қана қоймай, межеленген міндеттерді саралауға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретіні жайында пікір қосты.

 

Дата: 10.10.2018, 11:05 Автор: №16 ОМ