Мектеп тынысы

2019-Жастар жылы

2019-Жастар жылы

Елімізде 2019 жыл Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауына сәйкес Жастар жылы болып бекітілгені белгілі. Осы үміт пен сенімге толы жылдың басталуына орай мектебімізде 30 қаңтар күні салтанатты саптық жиын өтті.

Саптық жиынды дайындаған 9А сынып оқушылары Елбасының жастарға қатысты жобалар мен бастамалар арқылы жастарға көп көңіл бөлетініне назар аудартты.

Олар өз сөзінде: «Елбасының жастарды ерекше атап өтуі, жастардың бойында жауапкершілікті арттырады. Сондықтан да 2019 жыл- Жастарға артылған сенім мен жаңа мүмкіндіктер жылы болмақ.

«Жас келсе – іске» деген сөз бар. Біз, жастар – елдің болашағы. Жасампаздық эстафетасын қабылдап алып, алға қарай қарыштап, жылжып, жоспар - істерімізді одан ары дамытып, елге танытатын ұрпақпыз»,- деп түйіндеді.

 

 

Қайырымдылық – адамгершілік белгісі

Қайырымдылық – адамгершілік белгісі

Қайырымдылық – адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Өркениетті елдерде қайырымдылық күнделікті тірліктің қалыпты нормасына айналған. Өнегелі адамдардың өз тапқан-таянғанының бір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсауы қалыптасқан үлгі.

Жаңа жылдық мерекесі қарсаңында жалпы білім беретін №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектебінің қамқоршылық кеңесі де қайырымдылық шарасынан тыс қалмады. Қамқоршылық кеңес мүшесі, жеке кәсіпкер Дүйсенова Айнұр Дүйсенқызы жаңа жылдық шыршадағы Аяз ата қоржынына тәтті сыйлығын қосты.

Қаламыздағы «Pizza house» жеке кәсіпкер иесі Аманкелдыев Рахат және «Волшебный мир» креатив студиосының иегері Д.Б.Чентемирова 10 кг. тәтті сыйлықтарын табыстады.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын «ID интерДизайн» жиһаз дүкені де осындай акциядан қалыс қалмады. Дүкеннің өкілі Самал ханым да Аяз ата қоржынын дәмді сыйлықтармен толықтырды.

Қайырымды іс жасаған адамдарға алғысымыз шексіз.

 

 

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы бойынша танымдық іс –шара өтті

 Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы бойынша танымдық іс –шара өтті

13 желтоқсан күні мектебімізде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы бойынша танымдық іс –шара өтті. Оны жоғары сынып оқушылары арасында тарих пәнінің мұғалімі С.Қалкенов ұйымдастырды. Аталған іс-шараға әкелер қоғамынан мектебіміздің ата-аналары Е.Оспан, Қ.Смаханов, Ж.Смаилов шақырылды.

Елбасы мақаласында қамтылған «Ұлы Даланың жеті қыры» ел тарихымен тығыз байланысты. Оқушылар осы мақаланы жан-жақты талдай келе, өз пікірлерін ортаға салды. Ата-ана Қ.Смаханов мақала туралы өз ойын ұлы Абай сөзімен өрнектей отырып бөлісті, сонымен қатар, қазақы мәдениеттің құндылығына тоқталып, оқушыларға танымдық деректер берді.

Ал мақаладағы «Атқа міну мәдениеті» туралы сөз болғанда 90 жасқа келген қария Ж.Смаилов оқушыларға өз ойын қызықты әрі тартымды әңгімелеп берді. Жасы үлкен қарияның өсиет сөздерін оқушылар ұйып тыңдады. Қазақ мәдениетіндегі атқа мінудің ерекше орны туралы ата-ана Е.Оспан әңгімелеп, сөз соңында өз қолымен жасаған ат әбзелдерін көрсетіп, олардың жасалу жолдары, қолданылу ерекшеліктері туралы айтып өтті. Оқушылар қонақтарға сұрақтар қойып, көптеген мәліметтерге қанық болды.

Іс-шара барысында Елбасы мақаласындағы «Ұлы Даланың жеті қыры» жан-жақты талданды. Қорытындысында оқушылар қонақтарға ризашылықтарын білдірді. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Сыздыкова мектептің қоғамдық жұмысына белсене қатысып, іс-шарада өз пікірлерімен бөліскен қонақтарды мақтау қағаздарымен марапаттады.

 

 

Олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Білім бәсекесінің шыңы дәстүрлі мектепішілік пән олимпиадасынан бастау алары сөзсіз. Биылғы жылы жалпы білім беретін №16 лингвистикалық орта мектебінде мектепішілік пән олимпиадасына 282 оқушы қатысты, оның 119-ы жаратылыстану математика бағыты бойынша, 163-і қоғамдық гуманитарлық бағыт бойынша бақтарын сынады.

Олимпиаданың қалалық кезеңіне 40 оқушы жолдама алып, оның қорытындысы бойынша 22 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Мектебіміздің 11А сынып оқушысы Бейсенов Арлан облыс орталығында қала намысын қорғап, географиядан өткен пән олимпиадасында 3-ші жүлделі орынды иегері атанды.

Қаңтар айының 15-і күні оқушылар сарайында өткен қалалық олимпиаданың жабылу салтанатында мектебіміз олимпиаданың қорытындысы бойынша қаланың жалпы білім беретін мектептері арасында жүлделі І орынға ие болды. Мектебіміз осы жүлдені қатарынан екі жыл алып, жеңіс тұғырынан таймай келе жатқаны ұстаздарымыздың талмас еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

 

Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты саптық жиын

Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты саптық жиын

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай мектебімізде 3-6 сынып оқушыларына салтанатты саптық жиын өткізілді. Мемлекеттік туды ортаға алып шығып, мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталған іс-шара мектептің үгіт- насихат тобының осы мерекеге орай дайындаған қойылымымен жалғасты.

Еліміздің Тәуелсіздік белестеріне тоқталған бұл қойылымнан оқушылар патриоттық сезімге толы әсер алды.

Мектебіміздегі оқуда табысқа жетіп және мектептің қоғамдық іс-шараларына өз үлестерін қосқан бірқатар оқушылары осы күні салтанатты түрде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Республикалық бірыңғай "Жас ұлан" балалар және жасөспірімдер ұйымына қабылданды. Оларды құттықтаған мектеп директоры Ү.Сартаева өз сөзінде айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті.

Саптық жиын соңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесіне орай дарындылығымен, зерделілігімен ерекшеленген оқушыларымыз мадақтама қағаздарымен марапатталды.