Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата-аналар және барша қазақстандықтар!

Дата: 2016-05-31 03:53:09

Құрметті ұстаздар, түлектер және ата-аналар, ең алдымен барлығыңызды да бүгінгі атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мінеки, араға жылдар легін салып, кеше ғана бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттаған біздің ұл-қыздарымызды жүйрік уақыт түлек етіп мектеп ұясынан ұшырғалы отыр.  Әр адамзат баласы үшін білім арқылы сусындап өскен осы алтын ұя мектебі әрқашан ыстық көрінері сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі күн айтулы күн, соңғы қоңыраудың сыңғыр үні әркімге әр түрлі әсер қалдырары сөзсіз. Мектеп әрқашанда ізгілік пен парасаттылықтың, руханиятқа толы ұлы ойлардың, таным мен тәрбиеніің берік ордасы болған. Біздің перзенттеріміз де осында өткізген шәкірттік өмірінде осындай ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңірді, тәлімімен жүрегін суарып, ой-өрісін ұшқындатып, үлкен азамат болып, білім көкжиегін бойына дарытты.

Құрметті ұстаздар! Сіздердің арқаларыңызда оқушылар білім шыңына жетіп, өз өмірлерінің сара жолын салады. Біздің ұстаз ретінде оқушы алдында атқарар міндеттеріміз өте көп. Себебі біз болашақ жас өркенді қанат қақтырып, оны жарқын күнге жетелейміз. Тәрбиелік құндылықтарға толы білімнің асқарына шығарып, әр оқушының бойына адами қасиеттерді , ішкі мәдениеттің шамшырағын жағу оңай емес. Сондай-ақ оларға өз мемлекеті мен қоғамын және де ғасырдан ғасырға жалғасарлық бай мәдениет қалыптастырған өз ұлтын сүюді, қасиетті Тәуелсіздігімізді құрметтеуді де үйретеміз. Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын тағы бір мәрте желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 25 жыл толады. Бұл- тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін бағындырған елеулі сәт. Осындай көк байрағы желбіреген Тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқан және жарық қүннің сәулелі шұғыласына бөленіп жатқан жас өркендерде бұдан асқан қуаныш пен бақыт жоқ шығар.

Құрметті түлектер! Қазіргі сіздердің міндеттеріңіз-өз өмірлік жолын тауып, үлкен азамат болу. Бүгінгі жас түлек, ертеңгі жас маман-Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін. Еліміздегі 100 нақты қадам арқылы атқарар міндеттерін болашақ ұрпақ сіздер  жалғастырып, біздің мемлекетті дамыған мемлекет қатарынан көрсетуге бар жігер-қайраттарыңызды, білімдеріңізді, еңбектеріңізді аямассыздар! Себебі жас ұрпақтың көк аспанда бейбітшілік заманда мемлекет алдында атқарар міндеттері мен төгер тері көп. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің болашағымыз-жастар қолында» деген сөздің астары да осыдан бастау алары сөзсіз. Біздің өркениеті дамыған, «Мәңгілік ел» болып қалыптасуымыз да осы жас ұрпақ арқылы көрініс табады. «Біз үшін ортақ тағдыр-бұл біздің Мәңгілік ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік ел- жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, бабаларымыздың асқақ арманы. Осы шыңға бірге көтеріліп, ұлттық құндылықтарымызды, біліктілігімізді арттыра берейік! Аспанымыз ашық, шаңырағымыз берік болсын!