Табысты болудың басты факторы қандай?

Дата: 2018-04-10 10:39:11

Табысты болудың басты факторы қандай?

Әрбір қазақстандық денсаулығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді, оның ішінде шет тілдерін меңгеру, мәдени ашықтық сияқты қазіргі қоғамның берік ұстанымына айналған қасиеттерге ие болу керек. Сол үшін де Елбасы «Цифрлы  Қазақстан»,  «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламаларды қолға алды. Сондай-ақ біздің халқымызды XXI ғасырдың талаптарына сай даярлаудың алғашқы қадамдары екендігіне басымдық беріп отыр.

 Болашақта еліміздің гүлденуі, дамыған елдердің қатарына  қосылуы жас ұрпақтың оқу-тәрбиесіне тікелей қатысты. Мектеп-лицейдің даму жоспарының 3-стратегиялық бағыты «Адами капиталдың  сапалы өсуінің  басты бағыты – білім беру мазмұнын  жаңарту» басымдығы  негізінде жүзеге асырылуда. Мақсат – оқушылардың  сапалы білімге  қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, табысты оқушылардың үлесін арттыру.

  Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің оқушыларымыздың  бойында  бар қасиеттердің бірі. Олар өзгермелі,  жылдам дамып келе жатқан дәуірде, функционалды сауатты, ұлттық рухты, көп тілді меңгерген жастар  ғана  табысқа жететіндігін  біледі. Осы ұстанымды темірқазық қылып ұстаған оқушылар «Дарынды оқушы- өркениеттің басты құндылығы» деп аталатын қазан-қараша айында өткен іс-шаралар барысында ерекше қабілеттері мен жетістіктерін тағы да айқындай түсті.

Білім – табысты болудың ең басты факторы. Өйткені, білім беру ісін бәрінен жоғары қоятын  ұлт қана  табысқа жетеді.

Оқушылардың табысқа жетуін қамтамасыз ету үшін этникалық, рухани тәрбие, салауатты өмір салты, жеке тұлға ретінде  коммуникативті, зияткерлік дағдыларын арттыруда отбасы құндылықтарының  да алатын орны ерекше.

Әлемнің өзгеруі – балалардың өзгеруіне де ықпал етуде. Яғни, қабылдау жылдам, есте сақтауы жоғары, ақпаратты іздеу мен табуды білетін, ортаға тез бейімделетін, ойын батыл жеткізе алатын ұрпақ өсіп келеді.

Жас ұрпақты тәрбиелеудегі бірінші ұя – отбасы, ата-ана  тәрбиесі болса, екінші ұясы – мектеп. Мектеп-лицейдегі тәрбие бағыттарын, дәстүрлерді  және игі бастамаларды ата-аналардың қолдауы, оқушылар мен мұғалімдердің  бірлесіп ынтымақтасуы оң нәтижеге жеткізудің қадамы. Себебі, «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, Мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді», - деп ата-бабамыз жайдан-жай айтпаса керек.

14.12.2017 ж  / №23 (117)