«Педагогикалық оқу орындарында білікті педагог мамандарды даярлау – мектеп оқушыларының жоғары деңгейде білім алуының кепілі»

Дата: 2014-10-28 06:01:06

Бұл мақалада педагог мамандарды даярлау маңыздылығы мен шешу жолдары ұсынылған.

 

В статье рассматривается актуальность профессиональной  подготовки педагогических кадров.

 

The article discusses the relevance of training teachers.

 

Жаһандық ғаламданудың кеңеюі,ақпараттық технологиялардың өріс алуы, білім беру нәтижесіне халықаралық талаптардың күшеюіне байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлтымыздың әлеуетін оятуға және оны жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет», деп барлық білім беру жүйесінің қарқынды дамуына, ертеңгі болашағына тұғыр боларлық міндет жүктеді.

Білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту деп қарастырылуының өзі балаға, адамға деген көзқарастың түбегейлі бетбұрғандығы.

Қоғам өміріндегі қазіргі өзгерістер экономиканы, саясатты және әлеуметтік-мәдени саланы дамытудағы стратегиялық бағдарлар, қоғамның ашықтығы, оның ақпараттануы мен қарқынды дамуы жағдайында адамдардың жаңа әлеуметтік рөлдерге ие болуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертіп, білімнің қоғамды жаңартуға қосар үлесін арттырды. Сондықтан, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында білім берудің сапасын арттыру басты міндеттердің бірі болып белгіленген.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында  жастардың бойында  белсенді азаматтық ұстанымды , әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру делінген. Мектепке келген жас мамандардың бойынан осы қарым-қабілеттердің болғаны абзал. Жас келсе – іске демекші, жастар өздерімен бірге педагогикалық ұжымды жаңа леп, жаңа көзқарас, жаңа идеялармен толықтырады. Біздің мектеп  осы бес жыл мерзімінде талай жас мамандармен толықты, олар өсіп-өнді, жетілді, шығармашылықпен айналысты, сабақ берудің қыр-сырын түсіне бастады, оқушылар және ата-аналар қоғамдастығы, әріптестері, мектеп әкімшілігімен қарым-қатынас мәдениетін орнатуға тырысты, үйренді, жетілді.

Жас мамандар «Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жолдамасымен жұмысқа орналасады.

2009-2010 оқу жылы мектепке және мектепке дейінгі «Таңшуақ» шағын орталығына 23 жас маман осы мекеменің жолдамасымен келіп орналасты. Оның ішінде жоғары білімді-14, арнаулы  орта білімді-9 жас маман болды.

2010-2011 оқу жылы 11 жас маманмен толықты, жалпы саны-23.Өткен жылғы жас мамандардың 11-і тұрмыс құрып, бала тәрбиесімен үйде, кейбірі отбасы жағдайларымен басқа қалаға көшті. Жоғары оқу орнын бітіргендері-13, арнаулы орта білімді-10.

2011-2012 оқу жылы 1 жоғары білімді жас маман келді, жас мамандардың жалпы саны-14. Оның ішінде жоғары білімдісі-5. Өткен жылғы жас мамандардың жас маманның 2-уі басқа жұмысқа ауысты, тұрмыс құрып бала күтімімен 5-уі үйде, жас мамандар қатарынан шыққаны-3.

2012-2013 оқу жылы жас мамандардың барлық саны-19. Жоғары білімдісі – 9, арнаулы орта-10. Өткен жылғы жас маманның біреуі басқа жұмысқа ауысты, екіншісі отбасылық жағдаймен басқа қалаға көшті.

2013-2014 оқу жылы 13 жас маман еңбек етті. Жоғары білімдісі -3, арнаулы орта- 10. Өткен жылғы жас мамандардың 5-уі бала күтімімен үйде, екеуі Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-не күндізгі бөліміне оқуға түсті (Алимжанова А.К., Сабырғалықызы А.), 1-уі денсаулығына байланысты басқа мектепке ауысты

2014-2015 оқу жылында  21 жас маман. Жоғары білімді-11, арнаулы орта білімді-10. Өткен оқу жылында 1-уі бала тәрбиесімен үйде, 1 жас маман тұрмыс құрып басқа қалаға кетті, 1-үі бала бақшаға жұмысқа тұрды, 1 жас маман әскери борышын атқаруда,2-і өз еріктерімен жұмыстан шықты.

Бес жыл ішінде арнаулы орта білімді жас мамандардың мектепте қызмет ете жүріп білімдерін жоғарылату мақсатында жоғары оқу орындарының сырттай бөліміне оқуға түсіп және оны аяқтап, 5 маман өз қызметтерін жалғастыруда. Қазіргі таңда бұл мұғалімдер оқу-тәрбие үрдісіне  белсене араласатын, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, жастардың  алдыңғы легіне шықты. Бұл жерде олардың еңбексүйгіштігі мен табандылығының нәтижесі деуге болады.

Жас мамандарды мұғалімдік қызметтің қыр-сырымен , сабақ берудің әдіс-тәсілдерімен таныстыратын, үнемі әдістемелік көмек көрсететін, қамқор болатын – тәлімгерлер, мектеп әкімшілігі. Олардың кәсіби шыңдалуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалынады. Мектеп ашылғалы бес жылдың ішінде жас мамандарымыздың жеткен жетістіктері:

Қуанышбекова С.Б., қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Калиева Г.Ө., ағылшын тілі пәнінің мұғалімі  2009-2010 оқу жылы қалалық дәстүрлі «Мектеп күні» ашық сабақтарын әдістемелік жағынан жоғары деңгейде өткізді.

2010-2011 оқу жылы Аманкулов Қуаныш, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі «Дарынды  оқушыға- талантты мұғалім» қалалық педолимпиадаға қатысып, ІІІ орын иеленді. «Ұлттық рухты мектеп» атты облыстық семинарда белсенділік, шығармашылық танытып Алғыс хатпен марапатталды және жинаққа енді. Сонымен қатар республикалық ҒПК қатысып, баяндамалары жинақталды.

2010-2011 оқу жылы Ибрайбекова А.Н., қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «Тәуелсіздікті 20 жылдығына арналған жас мамандар арасында үздік әдістемелік нұсқау» қалалық байқауға қатысып Бас жүлдені  жеңіп алды. "Дарынды оқушыға- талантты мұғалім" қалалық педагогикалық олимпиадада ІІІ орын, «20 жыл- еліміздің қалыптасуы мен даму кезеңі» баяндамасы республикалық ҒПК жинағына енді. Халықаралық стандарт аясында қазақ тілін оқыту технологиясы: Еуропалық тілдік портфель. Сертификат (2011-2012 о\ж) иеленді.

2010-2011 оқу жылы КарекееваМ.К., «Таңшуақ» шағын орталығының тәрбиешісі «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына  арналған жас мамандар арасында үздік әдістемелік нұсқау»  қалалық байқауда І орын. Республикалық «Білім ұясының талантты тәрбиешісі» облыстық кезеңінде «Барлық жағынан талантты» номинациясы бойынша грамота алды (2011-2012 о\ж).

         2012-2013 оқу жылы Калиякметов Н.Н., технология пәнінің мұғалімі «Дарынды оқушыға- талантты мұғалім» қалалық байқауда ІІІ орын. «Ұлттық сәндік-қолданбалы көркемдік тоқыма бұйымдарын дайындау техногиясы негіздері» қолданбалы курсының бағдарламасы облыстық экспертизадан өтті. КҒА облыстық- Іорын. Республикалық инновациялық педагогикалық идеялар фестивалінің облыстық кезеңінде ІІІ орын.

2012-2013 оқу жылы Сабырғалы А., мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі «Мектепке дейінгі ұйымдағы талантты тәрбиеші» облыстық байқауда ІІ орын.

2013-2014 оқу жылы  Тілеубек А. , ағылшын тілі пәнінің мұғалімі «Дарынды оқушыға- талантты педагог» педагогикалық олимпиадасының қалалық және облыстық деңгейінде Ш орын, республикада ІҮ орынға ие болды.

2010-2013 оқу жылдары үш маман: Адайбекова Ж.К. (сызу, бейнелеу өнері), Ермағанбетова А.А.(тарих), Ибрайбекова А.Н. (қазақ тілі мен әдебиеті) «Шексіз оқыту- ХХІ ғасыр құзреттілік педагоикасы » 3 жылдық халықаралық білім беру жобасы бойынша ( Канада- Қазақстан) қашықтықтан оқыту арқылы  жаңа педагогикалық технологиялар Блум, Кротвелл таксономияларын игеріп,  халықаралық деңгейдегі 1,2,3 жылдың сертификаттарына ие болды.

Мектеп әкімшілігі жас мамандардың заман талабына сай болуын қаматамасыз ету мақсатында республикалық деңгейлік курс бағдарламасының үшінші (негізгі)  базалық деңгейіне ұсынды. Екі жас маман: Ермағанбетова А.А.( тарих) және Тілеубек А.          (ағылшын тілі) оқуларын аяқтап  деңгейлік курсты бітірушілерідің  алғашқылары болып  сертификатқа  ие болды. Бүгінгі күні жаңа талаптарға сай қызмет етіп, инновациялық үрдістерге қолдау көрсетуде.

Жас мамандармен жүргізілген жұмыстың барысындағы анықталған позитивті үрдістер

Жас мамандармен жүргізілген жұмыстың барысындағы анықталған негативті үрдістер

Жас мамандар АКТ жақсы меңгерген

Өз пәндері бойынша практикалық білімдері сын көтермейді

Оқушылар, әріптестері арасында жағымды  қарым-қатынас орната алады

Көшбасшылық қасиеттерін көрсетпейді

Ата-аналармен байланысты дұрыс бағытта жүргізуге ұмтылады

Күнделікті жұмыстарын жоспарлау дағдылары төмен

Сабақты жоспарлай алады

Ғылыми жұмыстарға құлықтары жоқ

Шығармашылыққа ұмтылыстары бар

Ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарларға өз бетімен  қатысу ниеті төмен

Мектептегі іс-шараларға араласады

Қоғамдық жұмыстардағы белсенділіктері және  азаматтық ұстанымдары орташа

Салауатты өмір салтын сақтайды

Мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмыстарға терең үңілмейді

Интернет ресурстарын сабақта қолданады

Мектептің мұғалімге қойылатын талаптарына шыдамдылық, төзімділік танытпайды

Интербелсенді тақтамен жұмыс істей алады

Жас мамандардың жеке бас жауапкершіліктері де бүгінгі күн талабынан шықпайды....

 

Сондықтан педагогикалық оқу орнында даярланатын  мамандар бойына білімділік құзыреттілікті қалыптастырып және оны тәжірибесіне ендіре алатындай біліктілікті өзгерту – басты мақсат. Тәжірибеде кездескен олқылықтар:

-          жас мамандардың еңбекке енді араласқан кезеңде оқушымен қарым-қатынасты қалыпты ұстай алмауы;

-          оқушының таным белсенділігінің, қызығушылығының, тіпті оқуға деген құлық-ынтасының төмендеуіне жол беруі;

-          жас мамандардың өткізген сабақтарындағы бірсарындылықтың басымдығы;

-          жас мамандарда оқу-тәрбие үрдісіндегі күнделікті ізденістің болмауынан оқытудағы бірізділіктің пайда болуы;

-          осы себептерден оқушының сабаққа деген қызығушығы, ішкі уәж қарқыны төмендей түсуде.

Аталған кемшіліктерге жол бермеуі үшін болашақ маманға оқу орны қабырғасында білім берудің ғылыми, инновациялық және тәрбие ісі қызметтерінде бірқатар құзыреттіліктерді қалыптастыру қажет.

Соның бірі – болашақ мұғалімдер даярлайтын оқу орындарында оқылатын арнайы курстар арқылы студенттер мынадай бірнеше құзыреттілікті игеруге міндетті:

-          Оқу-танымдық құзыреттілік – студенттердің зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу-танымдық үдерісін қамтамасыз ететін құзыреттілік;

-          Коммуникативті құзыреттілік – өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуге, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға үйрету;

-          Ақпараттық-технологиялық құзыреттілік;

-          Арнайы құзыреттілік – болашақ мұғалімдерді оқытудың тәрбиелік міндетімен қамтамасыз ету арқылы оқушылардың жалпы мәдени деңгейін өсіруге және дүниетанымы мен жеке тұлғаларын қалыптастыру жолдарына үйрету.

-          Мәдени-танымдық құзыреттілік – болашақ мұғалімдерді мектепте оқу пәндері туралы түсініктерінің ғылыми негіздерін білуге баулу;

-          Әлеуметтік құзыреттілік – студенттерді өз мамандығы бойынша теориялық, қоғам құбылыстарындағы, қарым-қатынастағы қолдану аясымен таныстыру;

-          Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі – болашақ мұғалімдерді әртүрлі ғылым салаларында туындайтын мәселелерді өз саласы тілінде тұжырымдай алу іскерліктеріне үйрету, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеу,өз бетінше шешім қабылдай алу қабілетін және жеке бас жауапкершіліктерін арттыру.

Бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындарында педагогикалық кадрларды даярлауда түбегейлі өзгерістер қажет. Білім берудің әлемдік үрдістері мен казіргі заман талаптарына сай инновациялық типтегі оқу орындары қажет. Кәсіби – педагогикалық білім беру сатылары бір-бірімен сабақтастық принципін сақтау керек. Педагогикалық білім беретін жоғарғы оқу орындарында үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесі нақтыланса, олар аймақтың индустриалдық-инновациялық даму міндеттерін, еңбек нарығы талаптарын қанағаттандыратындай деңгейде болуы қажет. Бірінші курстан соңғы курсқа дейін педагогикалық тәжірибе, кәсіптік шыңдалу сатысы нақтыланса, әлемдік білім беру кеңістігіне ену барысында ғылыми – зерттеу  жұмыстарымен айналысатын  және көптіл білетін жаңа мамандарды мақсатты түрде дайындау – уақыт талабы. Педагогикалық колледждерде кадрларды дайындаудың сапасын түбегейлі қайта қарау керек.    Мұғалім кадрларды даярлаудың жаңа парадигмасы әзірлену керек. Мектеп бітіретін түлектердің ішінен педагог мамандығын таңдаған талапкерлерден арнайы сынақтар алынса, сонымен қатар педагогикалық практиканың ғылыми негізделген  талаптары, ережелері, қағидалары қабылданып  нақтыланса. Қорыта келгенде, болашақ педагог кадрларды мақсатты түрде арнайы оқу орындарында даярлау, мектептегі сапалы білімнің, салиқалы тәрбиенің нақты кепілі болмақ. 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылдың 29 қаңтарындағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауы.

2.      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылдың 1 ақпанындағы №922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму жоспары

3.      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылдың 7 желтоқсанындағы «2011-2020 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасында білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы

4.      Құсайынов А.Қ. Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы. А.: ЖШС «Курсив»,2013.