Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына пікір

Дата: 2018-11-28 16:19:35

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына пікір

             Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың тарихымен таныстырып, руханият­ты сақтауға арналған алты жоба ұсынылып отыр. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз. «Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал мына «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат. Енді осы мақаланы алға ұстай отырып, Қазақстан тарихын терең­детіп қайта жазуға болады. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бізге ұлықтар мен байларды жаман етіп көрсетіп, батырларымызды балағаттап, арғы тегімізді теріс етіп оқытты.

Егемен ел болып, ес жиғалы ғана өт­кенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Осы бабаларды іздеу мен тек тану барысында жіберіп жатқан қате­ліктеріміз де баршылық. Әр ру өз бабасын батыр етіп көрсетіп, өз атасын ақылман деп, ақсүйек пен қарасүйекке, қожа мен қараға бөліне бастағанымыз да шындық. Енді Мемлекет басшы­сы айтқандай: «тарихи сананы жаң­ғыр­тып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз із­деушісі мен зерттеушісін күтіп жат­қан шындықтарға із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы болмақ.

Мақаланың алғашқы жеті тарауын­да бабаларымыздың өз зама­нында жеткен жетістіктері мен техно­логия­лық жаңалықтарын жілік­теп түсін­діріп, құйма құлаққа құйып, көкі­регінде көзі барға көрсетіп, бүгін­гінің саналы ұрпағына ұқтырып отыр. Ең аяғы, Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны Қазақ­стан екенін дәлелдейді. Қазақ халқының өмір сүру дағды­сы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету ұр­­па­қ­тарының парызы. Ашқан жаңа­лық­тарын, жеткен жетістіктерін кейін­гіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Елба­сымыз Түркі әлемінің бесігі – Тәуелсіз Қазақ­станның жастары­на «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тек­тері­мен таныстырған мақа­ла жолдап отыр Ал осыны оқыған ұрпақ төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенеміз.

«Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымыздың қаһармандарын өз елімізде ғана насихаттамай, шет елдерге де шығарып, әлем халқымен таныстырады. Келер ұрпақ өзінің арғы тегіндегі ұлт батырларын үлгі тұтып өсетін болады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дала­­сынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Астанада түрко­лог­тардың дүниежүзілік конгресі өтіп, түркі халықтарының мәдени күн­дері жасалмақшы. Тағы бір қуанта­тыны, түркі халықтарына ортақ туын­ды­лардың онлайн кітапханасын ашу да маңызды болып отыр. Ең негізгісі Ұлы даланың жеті қыры­­мен таныса отырып, арғы тегі­мізді түгендеп, тарихымызды жаң­ғыр­тып, келер ұрпақ мақтанып айта жүре­тіндей жобаларды қолға алмақшымыз.

Автор: №7 МГ